Қазақстандықтар мобильді аударымдарға қатысты салық органдарынан келуі мүмкін хабарламаны алаңдап күтіп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
1 қаңтардан бастап банктер мобильді аударымдар туралы мәліметті салық органдарына бере бастады. Мемлекеттің негізгі мақсаты көлеңкелі бизнесті анықтау. Яғни тауар сатып, қызмет көрсетіп, бірақ төлемді жеке картаға қабылдайтын, ресми тіркелмеген кәсіп иелерін заңды алаңға шығару көзделіп отыр.
Алайда қарапайым азаматтар да алаңдаулы. Себебі күнделікті тұрмыста мобильді аударымсыз жүретін адам аз. Бірі ата-анасына ақша жібереді, бірі баласына көмектеседі, енді бірі сыныпқа перде алуға, балабақша тобына сыйлыққа, туған күнге немесе ортақ сатып алуға ақша жинайды. Осындай тұрмыстық аударымдар салық органдарының назарына ілігіп кетпей ме деген сұрақ көбейді.
Салық органдары алғашқы тоқсан бойынша мәліметті алып қойған. Әзірге жаппай хабарлама жіберілгені туралы ақпарат жоқ. Бірақ мамандар мұндай ескерту уақыт өте келе келуі мүмкін екенін айтады. Қолданыстағы тәртіп бойынша үш ай қатарынан ай сайын 100-ден астам әртүрлі адамнан 100-ден көп аударым алған және жалпы түсім көлемі 12 ең төменгі жалақыдан асқан азаматтар назарға ілігеді. Қазіргі есеппен бұл сома 1 млн теңгеден сәл асады.
Егер азаматқа салық органынан хабарлама келсе, оған бір ай ішінде ақшаның қайдан түскенін түсіндіру қажет болады. Мамандардың айтуынша, жай ғана «сыйлық берді» немесе «туыстарым аударды» деп жазу жеткіліксіз болуы мүмкін. Ақшаның сипатын растайтын дәлел ұсынған дұрыс.
Салық хабарламасы келсе не істеу керек
Салық сарапшысы Дмитрий Казанцев ортақ жинаққа қатысты дәлелді алдын ала сақтап жүруге кеңес береді. Мысалы, мектеп сыныбының WhatsApp тобында перде, мереке немесе басқа қажеттілік үшін ақша жиналса, сол хат алмасудың скриншотын сақтап қойған жөн. Егер қарыз болса, келісімшарт қажет. Ал сыйлық болса, қандай мерекеге байланысты берілгенін түсіндіруге тура келеді.
Кей сарапшылар тексеру шегін қайта қарау қажет деп санайды. Себебі баға өскен қазіргі жағдайда үш айда 1 млн теңге түсуі аса үлкен табыс сияқты көрінбеуі мүмкін. «Ұлағат консалтинг групп» директоры Марат Қайырленов мұндай шек заңды сақтап жүрген қарапайым азаматтарға қолайсыздық тудыруы ықтимал екенін айтты. Оның пікірінше, шекті кемінде екі есе көтеру керек. Үш айдағы 1 млн теңге айына шамамен 330 мың теңгеден келеді. Орташа азаматты осы үшін әуре-сарсаңға салу дұрыс па деген сұрақ туындайды.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұған дейін туыстар арасындағы аударымдар, шектеулі адамдардан келетін ақша, мерекеге берілген сыйлық және мектеп сыныбы немесе балабақша тобының қажетіне жиналатын қаражат салық салынатын табысқа жатпайтынын түсіндірген.
Хабарлама салық төлеушінің жеке кабинетіне жіберіледі. Сонымен қатар eGov арқылы жеке кабинетке камералдық бақылау нәтижесі бойынша хабарлама түскені жөнінде ескерту келеді. Азаматтың салық органына жеке баруы міндетті емес. Жауапты электронды түрде жеке кабинет арқылы жіберуге болады. Ол электронды цифрлық қолтаңбамен расталып, заңды күшке ие болады.
Егер адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, тұрақты түрде кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны анықталса, жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабына сәйкес, мұндай әрекет үшін жеке тұлғаға 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 30 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі.
Мобильді аударымдарды бақылау көлеңкелі бизнеске қарсы қажет шара ретінде түсіндіріліп отыр. Бірақ оның қарапайым тұрмыстық аударымдарға салмақ түсірмеуі маңызды. Әйтпесе халықтың күнделікті өміріндегі туыстық көмек, ортақ жинақ және шағын тұрмыстық есеп айырысу артық қағазбастылыққа айналып кетуі мүмкін. Ендігі басты мәселе – салық бақылауы әділ, түсінікті және нақты кәсіпкерлік табысқа бағытталған болуы керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







