Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автожолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бес жоба аясында жалпы 236 шақырым жол жаңартылады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұзындығы 500 шақырымға жуық «Орал–Атырау» тасжолының 303 шақырымы БҚО аумағынан өтеді. Биыл осы бағытта үш жөндеу жобасы іске асырылуда.
Облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй мен «ҚазАвтоЖол» компаниясының БҚО филиалының директоры Асылбек Марданов жұмыс барысын тексерді. Олар мердігерлермен кездесіп, құрылыс қарқыны мен сапасына қатысты міндеттерді талқылады.
«Айдана» компаниясы «Атырау–Орал» жолының 189–249 шақырым аралығын жөндеп жатыр. Құны 8,5 млрд теңгеге жуық жоба аясында 20 шақырым жол ресайклинг әдісімен өңделіп, 60 шақырымға екі қабат асфальт төселеді.
372–432 және 432–492 шақырым аралығындағы учаскелерді «ДСК Приоритет» компаниясы жөндеуде. Мұнда 29 шақырым ескі жол қайта өңделіп, 120 шақырымға ірі және ұсақ түйіршікті асфальтбетон төселеді.
Үш жоба бойынша тасжол бойына барлығы 22 аялдама павильоны орнатылады. Жол жиегін нығайту, белгілерді жаңарту және қозғалыс қауіпсіздігін күшейту шаралары да қарастырылған.
«Чапаев–Жалпақтал–Казталовка–РФ шекарасы» жолының алғашқы 17 шақырымын «ТОБИ» компаниясы жөндеп жатыр. Жоба құны 2,7 млрд теңгені құрайды.
Учаскенің 16,5 шақырымы ресайклинг тәсілімен өңделіп, беріктігі жоғары асфальтбетон төселеді. Сонымен бірге көлік салмағын автоматты өлшейтін арнайы жүйе орнатылады.
«ТОБИ» компаниясы «Ақтөбе–Орал–РФ шекарасы» жолының 369–408 шақырымын да жөндеуде. Мұнда 26 шақырым жол қайта өңделіп, 39 шақырымға жаңа асфальт төселеді.
Жоба аясында Шідерті және Өлеңті өзендеріндегі көпірлердің деформациялық жіктері ауыстырылады. Жол бойына төрт жаңа аялдама павильоны қойылады.
Жалпы бес жоба ауылдар арасындағы қатынасты жақсартып, жүк тасымалы мен шекаралық логистиканы дамытуға мүмкіндік береді. Жаңартылған жолдар жүргізушілердің қауіпсіздігі мен сапар жайлылығын арттыруға тиіс.
Мирас Мүлкәй мердігер ұйымдарға жұмысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Әр учаскедегі құрылыс барысы мен орындалған жұмыстың сапасы тұрақты бақылауда болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







