Қазақстан қаржы нарығында теңгенің нығаюына байланысты көңіл-күй айтарлықтай жақсарды. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (АФК) жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алдағы айға арналған болжамда доллар бағамы бұған дейінгі болжаммен салыстырғанда төмендеп, орташа есеппен 471,3 теңгені құрауы мүмкін. Мамырда теңгеге негізгі қолдауды салық төлемдері, Ұлттық банктің валюталық операциялары аясында шетел валютасын сатуды арттыру (шамамен 1,2 млрд доллар), сыртқы инвесторлар тарапынан қаражаттың тұрақты келуі мен Ұлттық банктің қатаң ақша-несие саясаты қамтамасыз етпек.
Ал бір жылдан кейінгі болжам бойынша доллар бағамы 513,4 теңге деңгейінде тұрақтайды деп күтілуде.
Бұған мұнай нарығындағы геосаяси факторлар мен ішкі нарықта шетел валютасы ұсынысының артуы негізгі себеп болмақ.
Сарапшылар Brent маркалы мұнайдың бір жыл ішіндегі орташа бағасы 89,8 долларға дейін көтеріледі деп болжап отыр. Бұған Таяу Шығыстағы шиеленістердің әсерінен туындайтын мұнай жеткізіліміндегі іркілістер қаупі әсер етуде.
Базалық мөлшерлеме төмендей ме?
Осы жағдайларға байланысты мамандар ақша-несие саясатының біртіндеп жұмсару мүмкіндігін талқылай бастады.
Дегенмен, сарапшылардың пікірі қақ жарылып отыр. Сауалнамаға қатысқандардың тең жартысы Ұлттық банк 5 маусымдағы отырысында базалық мөлшерлемені инфляция қарқынының бәсеңдеуіне байланысты 17,5%-ға төмендетеді деп күтсе, қалған 50%-ы инфляцияның жоспарлы дәлізден (9,5–11,5%) шығып кетпеуі үшін мөлшерлеме қазіргі 18%-дық деңгейде сақталады деп болжайды.
Бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 16%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Ал инфляциялық болжамдар 11%-дан 10,7%-ға дейін төмендеген. Бұл инфляцияның жылдық қарқынының баяулауы, Ұлттық банктің қатаң саясатының тиімділігі және теңге бағамының нығаюына байланысты болып отыр.
Осының нәтижесінде экономикадағы нақты мөлшерлеме қазіргі 7,4%-дан 5,3%-ға дейін төмендеп, ақша-несие саясатының жеңілдеуіне жол ашады.
Ал бір жылдан кейінгі жалпы ішкі өнімнің өсуі бойынша болжам 5%-дық деңгейде қалды. Бұған шикізат нарығындағы қолайлы жағдай, экспорттық түсімдердің артуы мен ішкі сұраныс және бюджеттің экономиканы қолдауға мүмкіндігі әсер етуде.
Айтқандай, ForteBank шағын және орта бизнеске кредит беретін тың жоба әзірлеп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







