Алматыда «Алматы жастары» жеңілдетілген ипотека бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау қайта басталады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құжат қабылдау 2026 жылғы 1 маусымнан 15 маусымға дейін жүргізіледі. Өтінім тек электронды форматта kezekte.kz порталы арқылы қабылданады. Қатысушылар электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалануы керек.
Бағдарлама аясында 20 млн теңгеге дейін тұрғын үй заемын алуға болады. Несие мөлшерлемесі жылдық 5 пайызды құрайды. Бастапқы жарна кемінде 10 пайыз болуы тиіс. Баспананы бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға рұқсат етіледі.
Бағдарламаға Алматыда тұратын 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Жеңілдетілген ипотека денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, медиа саласында ресми жұмыс істейтін мамандарға, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен коммуналдық кәсіпорын қызметкерлеріне арналған.
Қатысушыларға қойылатын міндетті талаптар да бар. Өтініш берушінің Алматыда кемінде бір жыл тұрақты тіркеуі болуы қажет. Сонымен қатар еңбек өтілі алты айдан кем болмауы және тұрақты зейнетақы аударымдары жүргізілуі керек.
Тағы бір маңызды шарт – үміткердің және оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде меншігінде тұрғын үй болмауы. Осы талап сақталмаған жағдайда өтінім қабылданбауы мүмкін.
Айта кетейік, өткен жылы «Алматы жастары» бағдарламасына қатысқан әрбір екінші үміткерге бас тартылған. Бұған дейін жылжымайтын мүлік сарапшысы Александр Пак жеңілдетілген ипотека іске қосылған кезде сатушылар тұрғын үй бағасын алдын ала көтеретінін айтқан еді.
Сондай-ақ Қазақстанда энергетика саласы қызметкерлеріне арналған арнайы жеңілдетілген ипотека бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр.
Ұлттық банктің 14 мамырға арналған ресми бағамына сәйкес, 1 АҚШ доллары 467,63 теңге болды. Еуро 547,69 теңге, ресей рублі 6,36 теңге, қытай юані 68,86 теңге болып белгіленді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







