Саясаттанушы Уәлихан Төлешовтің айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жошы ұлысы мұрасы туралы сөзі жай тарихи баяндама немесе дала өткенін мәдени тұрғыдан ақтау ғана емес, терең өркениеттік мәні бар саяси сигнал ретінде қабылдануы керек, деп жазады Ertenmedia.kz.
Төлешовтің пікірінше, Алтын Орда бүгін қайта оралып жатыр. Бірақ өткендегі империя ретінде емес, Орта Еуразияның жаңа өркениеттік формасы ретінде. Оның ойынша, Тоқаев сөзінің түпкі мағынасы да осында жатыр. Қазақстан Алтын Орда мұрасын қайта көтеру арқылы түркі халықтарына, Орталық Азиядан бастап Еділ бойы, Кавказ, Сібір, Анадолы, Батыс Қытай және ішкі Еуразия кеңістігіне дейінгі үлкен тарихи арнаға жаңа үндеу жасап отыр.
Саясаттанушы қазіргі әлем біртұтас жаһандану дәуірінен шығып бара жатқанын айтады. Атлантикалық жүйе бұрынғыдай әмбебап модель ұсына алмайды. Оның орнына экономикамен ғана емес, тарихи жадымен, мәдени қабатпен және өркениеттік байланыспен бірігетін ірі платформалар кезеңі басталып келеді.
Осы тұста бұрынғы Алтын Орда кеңістігі мемлекет ретінде емес, жаңа ортаңғы түркі өркениетінің матрицасы ретінде қайта ашылып отыр.
Төлешовтің пайымынша, бүгінгі геосаяси процестер осы кеңістікті қайта жинап жатыр. Каспийдің маңызы, көлік дәліздері, энергетика, ішкі Еуразиядағы жаңа логистика, цифрлық желілер, түркі ынтымақтастығы, көпжақты дипломатия, Қытайдың Батысқа қарай қозғалысы және мұхиттық жаһанданудың дағдарысы – осының бәрі Орта Еуразияны жаңа тарихи субъект ретінде алға шығара бастады.
Дала өркениетінің оралуы
Оның айтуынша, Тоқаевтың сөзі өте нәзік айтылғанымен, астарында үлкен тарихи жағдайлар жатыр. Уақыттың өзі өзгеріп келеді. Сондықтан Қазақстанның Алтын Орда мұрасына жүгінуі енді тек академиялық талқылау ретінде қаралмайды. Ол Орта Еуразияның жаңа тарихи субъектілігін абайлап тұжырымдау әрекетіне ұқсайды.
Саясаттанушы ең қызықты әрі сезімтал тұс Ресейге қатысты екенін айтады. Оның пікірінше, тарихи Ресей ордалық кеңістіктен тыс қалыптасқан жоқ, керісінше, сол жүйенің ішінде қалыптасты. Ресей мемлекеттілігінің континенттік географиясы, билік логистикасы, Еуразиялық ауқымы үлкен дала жүйесімен тығыз байланыста дамыды.
Төлешовтің ойынша, ескі жаһандану дағдарысқа ұшыраған сайын Ресей де қалыптасып келе жатқан Орта Еуразия өркениетінің орбитасына көбірек тартылады. Бұл процесс Ресей қазіргі күйінде сақтала ма, әлде терең трансформациядан өте ме – соған қарамастан жүре береді.
Саясаттанушы Ресейдің Украинаға қарсы соғысы күтпеген жерден әлдеқайда терең тарихи процесті іске қосқан болуы мүмкін деп санайды. Оның пікірінше, Мәскеу бұл соғыс арқылы тек геосаяси текетіресті күшейткен жоқ, өзінің терең өркениеттік табиғатына қайта оралу үдерісін де жеделдетті.
Тоқаев Жошы ұлысы арқылы жаңа дәуірді меңзеді
Ресей бірнеше ғасыр бойы еуропалық жоба, империялық әмбебаптық және Еуразиялық континенттік болмыс арасында тербеліп келді. Ал Батыспен ажырау, атлантикалық жаһанданудың әлсіреуі және әлемдік экономиканың Еуразия ішіне қарай бұрылуы Ресейдің бастапқы тарихи іргетасын қайта ашып отыр. Төлешовтің түсіндіруінше, ол іргетас – Алтын Орда қалыптастырған үлкен дала жүйесінің кеңістігі.
Оның пайымынша, тарихи ирония да осында. Ресей бұрынғы геосаяси субъектілігін күшпен сақтап қалуға тырысқан сайын, өзін Орта Еуразияға көбірек тартатын процестерді жеделдетіп жіберді. Яғни Мәскеудің сыртқы қақтығысы оның ішкі өркениеттік бағытын да өзгертетін кезеңге айналуы ықтимал.
Төлешов мұны өзінің текстурализм тұжырымдамасы арқылы түсіндіреді. Оның айтуынша, қазір дала кеңістігінің үлкен тарихи текстурасы қайта оралып жатыр. Бұл империяны қайта қалпына келтіру емес, постглобалдық әлемдегі жаңа континенттік платформаның пайда болуы.
Саясаттанушының пікірінше, Орта Еуразия енді бөгде әлемдердің шеті болғысы келмейді және болмайды да. Ол өзін XXI ғасырдағы дербес өркениеттік ось ретінде сезіне бастады. Осы тұрғыдан қарағанда, Алтын Орда туралы сөз тек өткенді еске алу емес, жаңа тарихи дәуірдің басталуын білдіретін идеялық белгіге айналып отыр.
Уәлихан Төлешовтің ойынша, Тоқаевтың Жошы ұлысы мұрасына қатысты ұстанымы Орта Еуразияның түркілік текстуралану процесінің басталғанын көрсетеді. Бұл үдеріс енді тоқтамайды. Ол көлік, энергетика, мәдениет, цифрлық инфрақұрылым, дипломатия және ортақ тарихи сана арқылы біртіндеп тереңдей береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







