Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум ұлттық рухты көтеріп, тарихи сананы кеңейткен маңызды оқиға болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
ЮНЕСКО қамқорлығымен ұйымдастырылған ауқымды жиын Алтын Орда мұрасының әлемдік деңгейдегі маңызын тағы бір мәрте айқындады. Сақ, ғұн дәуірінен басталып, түркі кезеңімен жалғасқан қазақ мемлекеттілігінің келесі ірі белесі – Алтын Орда дәуірі.
Ал Қазақ хандығы сол ұлы мемлекеттің заңды тарихи жалғасы ретінде қарастырылады. Симпозиум барысында Мемлекет басшысының және шетелдік ғалымдар мен сарапшылардың сөздері осы ойды тереңдетіп, ғылыми тұрғыда бекіте түсті.
Алтын Орда қазақ мемлекеттілігі үшін жаңа тарихи кезең ғана емес, дала мен қала мәдениетін тоғыстырған алып өркениеттік кеңістік болды. Осы дәуірде ғылым мен білім өркендеп, әдебиет пен мәдениет дамыды, сауда жолдары кеңейіп, мемлекеттік басқару жүйесі кемелденді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын Орда дәуірі – ұлттық тарихымыздың маңызды бөлігі, біз осы кезеңді кең өркениеттік парадигма тұрғысынан қарастырамыз» деген мазмұндағы пікірі осы тарихи сабақтастықты айқын көрсетеді.
Симпозиум өткенді дәріптеумен ғана шектелген жоқ. Мемлекет басшысының сөзінде тарихқа жаңаша қарау, ескі саяси догмалардан арылу және Ұлы дала мұрасын әлемдік өркениет контексінде бағалау мәселесі кеңінен айтылды.
Ұзақ жылдар бойы көшпелі халықтарды «мемлекет құра алмаған жабайы күш» ретінде көрсетуге тырысқан түсініктер болғаны жасырын емес. Астанадағы жиын осындай біржақты көзқарастарға ғылыми әрі тарихи жауап берді.
Алтын Ордадан Әділетті Қазақстанға дейін
Алтын Орда 6 миллион шаршы шақырымнан астам аумақты қамтыған, өз заң тәртібі, салық жүйесі, ақша айналымы және басқару құрылымы бар қуатты мемлекет болды. Сол дәуірде қолданылған «данг» атауы бүгінгі «теңге» ұғымымен тарихи үндестік тауып, қаржы жүйесінің де терең тамыры бар екенін аңғартады. Демек, дала өркениеті тек көшіп-қонумен шектелмеген, өз институтын, өз тәртібін, өз саяси мәдениетін қалыптастырған.
Президент сөзіндегі тағы бір маңызды бағыт – рухани сабақтастық мәселесі. Алтын Орда феноменін әл-Фарабидің әділет туралы ілімімен, Қожа Ахмет Ясауидің түркілік ислам дүниетанымымен, «Ақсақ құлан» күйімен, Кетбұға, Асан Қайғы, Шалкиіз, Доспамбет сияқты жыраулар мұрасымен байланыста қарау қажет. Осы арналардың бәрі кейін Абайдың «Толық адам» іліміне келіп тоғысады.
Мемлекет басшысы Ұлы даладағы интеллектуалдық және рухани сабақтастық ғасырлар арқылы өтіп, Абай шығармашылығында жаңа биікке көтерілгенін атап өтті. Абай ұсынған «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» ұстанымы дана тұлға тәрбиелеудің терең формуласы ретінде бағаланды. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлы дала мұрасы өңірімізге тән табиғи қалыптасқан тұтас идеялық-философиялық арна ретінде қарастырылады.
Астанада өткен халықаралық симпозиум Алтын Орда тарихына деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, ұлттық сананы жаңғыртуға серпін берді. Жиынның негізгі мақсаты өткенге сағынышпен қарау немесе көне дәуірді әсірелей мадақтау емес.
Басты міндет ұлттық тарихты терең зерттеу, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, қоғамның идеологиялық көкжиегін кеңейту және қазақ мемлекеттілігінің терең тамырын әлемге ғылыми негізде таныту.
Алтын Орда мұрасы – қазақтың өткендегі абыройы ғана емес, бүгінгі ұлттық бірегейлікті нығайтатын, болашаққа сенім беретін үлкен тарихи негіз. Астанадағы симпозиум осы мұраны жаңа ғылыми деңгейде зерделеуге жол ашқан маңызды алаңға айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







