Депутат Абзал Құспан Қазақстанда вице-президентке қандай талап қойылатыны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айтуынша, вице-президентке көзге шұғып, қолмен ұстап көрсететін нақты талаптар қойылмайды. Министрлерге қойылатын шарт сияқты, белгілі бір мамандық иесі болу да міндеттелмейді.
«Вице-президентке немесе президентке нақты бір мамандық бойынша талап жоқ. Мұндай талап негізінен сала министрлеріне қатысты қойылады. Айталық, Әділет министрі заңгер болуы қажет. Ал вице-президентке ондай арнайы ереже белгіленбеген», – деп нақтылады Құспан.
Сондай-ақ, депутат вице-президент креслосына әйел адамның келіп қалуы да ғажап емес деп отыр. Осы тұста ел ішінде тарап жатқан «атышулы Дариға Назарбаева вице-президент болуы мүмкін» деген гу-гу әңгімеге қатысты да пікір білдіре кетті.
«Әлемжеліде әрқилы болжам, тосын тұспалдар айтылып жатады ғой, бұл енді қалыпты құбылыс. Сөз бостандығы бар жерде, жұрт өз ойын бүкпесіз айта алады. Дариға? Дәл осы кандидат туралы менде ешқандай инсайд жоқ. Шыны керек, өз басым о кісіні бұл қызметке лайық деп санамаймын», – деді депутат.
Айта кетейік, Парламент әзір ғана «Президент туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда мақұлдап, вице-президент қызметін ресми түрде енгізді. Заң жаңа Ата заңмен бірге 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Назарбаева қайда жүр?
Ал Дариғаның саяси кеңістіктен ұшты-күйлі жоғалғанына біраз уақыт болды. Қаңтар оқиғасы әулеттің саяси амбициясына біржолата нүкте қойған болатын. Дегенмен, Әбішұлының тұңғыш қызына қатысты түрлі-түрлі қауесет әлі күнге дейін толастаған жоқ.
Бұған дейін Құспанның әріптесі Ермұрат Бапи «50-дің ар жақ-бер жағындағы «ескі Қазақстан» өкілдері жоспар құрып жатқанын» мәлімдеген болатын.
«Технологияны пайдаланып, коммуникацияны пайдаланып, осындай әрекеттерді бастап жатыр. Нақты тұлғалардың атын атап, түрін түстемей-ақ қояйын. Олардың арасында 50-дің ар жақ-бер жағындағы (Дариға? ред.) жастары бар . Олар биліктен кеткенімен, үйінде бос жатқан жоқ», — деген-тұғын Бапи.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







