Астанада жазғы каникул қарсаңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған брифинг өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Айгерім Өмірзақова мен қалалық Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Джуманова ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды.
Мамандардың айтуынша, оқу жылы бойы құқық қорғау және уәкілетті органдар балалармен, ата-аналармен тұрақты профилактикалық жұмыс жүргізген. Дегенмен жаз мезгілінде оқушылар көшеде, үйде немесе интернетте көбірек уақыт өткізеді. Кей жағдайда олар ересектердің бақылауынсыз қалады. Сондықтан дәл осы кезеңде қауіпсіздік мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түседі.
Жазғы демалыс кезінде мемлекеттік органдардың профилактикалық жұмысы тоқтамайды. Каникул бойы рейдтер, әлеуметтік желілерге мониторинг, профилактикалық тексерулер және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шаралар жүргізіледі. Кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар анықталса, заң аясында тиісті шара қабылданады.
Прокуратура ата-аналарды балалардың интернеттегі әрекетіне мұқият қарауға шақырды. Баланың кіммен сөйлесіп жүргенін, қандай әлеуметтік желіге кіретінін, қандай сайттарды қарайтынын біліп отырған жөн. Мамандардың сөзінше, жасөспірімдер әлеуметтік желі мен мессенджер арқылы интернет-алаяқтыққа, кибербуллингке, қорқытуға, жеке дерек пен фотосуреттің таралуына немесе заңсыз әрекетке тартылу қаупіне тап болуы мүмкін.
Осындай жағдайлар баланың психологиялық жағдайына ауыр әсер етеді. Сондықтан ата-аналарға баланың интернет белсенділігін бақылау, телефонға ата-ана бақылауын орнату, қауіпті сайттарға кіруді шектеу, баланың көңіл күйіндегі өзгеріске мән беру және желідегі қауіпсіздік туралы үнемі сөйлесу ұсынылады.
Баланың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік
Жазда балалар велосипед, самокат және мопедті жиі пайдаланады. Осыған байланысты жол-көлік оқиғасы қаупі де артады. Мамандар ата-аналарға балаларға жол ережесін күн сайын еске салып отыруды, қорғаныш құралдарын қолдануды және жолға шығу кезінде сақ болуды түсіндіруді ұсынды. Әсіресе көлік жүретін бөлікке өз бетімен шықпау, көшені дұрыс кесіп өту және қозғалыс көп жерлерде абай болу маңызды.
Су айдындарындағы қауіпсіздік те басты назарда. Елде жыл сайын өзен, көл және басқа да су нысандарында қайғылы жағдай тіркеледі. Оның негізгі себебі – балалардың ересектердің қарауынсыз қалуы. Мемлекеттік органдар ата-аналарды балаларды су маңында жалғыз қалдырмауға және жабдықталмаған жерде шомылуға жол бермеуге шақырды.
Күн жылынған сайын балалардың терезеден құлау қаупі де күшейеді. Мамандар мұндай оқиғалар балалар жарақаты мен өлімінің негізгі себептерінің бірі болып отырғанын айтты. Қайғылы жағдай көбіне бала аз уақытқа болса да қараусыз қалған кезде болады. Сондықтан кішкентай балаларды ашық терезесі бар бөлмеде жалғыз қалдырмау, терезеге арнайы бекіткіш пен блокиратор орнату, терезе алдына шығуға мүмкіндік беретін жиһазды алыстату қажет.
Құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз үйден тыс жерде жүруіне жол берілмейтінін де еске салды. Кешкі және түнгі уақытта жасөспірімдердің қатысуымен немесе оларға қарсы құқық бұзушылықтар жиі тіркеледі.
Ата-аналарға жазғы демалыста балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды пайдалы іспен қамту ұсынылды. Қазір Астанада 545 мыңнан астам бала тұрады. Жыл сайын балалар саны 20 мыңнан астамға көбейіп келеді. Сондықтан елордада балалар жарақатының алдын алу, олардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру мәселесіне ерекше мән беріліп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







