Бүгін Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында терроризмге қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өтеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқу-жаттығу сағат 15:00 мен 20:00 аралығында ұйымдастырылады. Іс-шара елорда жағдайында құқық қорғау және арнайы қызмет органдарының терроризм қаупіне қарсы жедел әрекет ету дайындығын тексеруге бағытталған.
Жаттығу барысында әуежай аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Осыған байланысты жаяу жүргіншілер қозғалысына және көлік қатынасына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін. Сонымен қатар белгілі бір аумақтарда уақытша тыйымдар қарастырылады.
Терроризммен күрес жөніндегі елордалық жедел штаб тұрғындар мен әуежай жолаушыларын оқу-жаттығуға түсіністікпен қарауға шақырды. Азаматтарға қауіпсіздік талаптарын сақтау, мемлекеттік қызметкерлердің заңды нұсқауын орындау және тек ресми ақпарат көздеріне сүйену ұсынылады.
Ұйымдастырушылар жалған ақпарат таратпау және дүрбелеңге жол бермеу маңызды екенін ескертті. Мұндай оқу-жаттығу төтенше жағдай кезінде күштік құрылымдардың үйлесімді жұмысын тексеруге және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға арналған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







