Енді сақтандыру компаниялары көлік иелеріне бірдей тарифпен қарамай, әр жүргізушінің тәуекел деңгейін жеке есептей алады. Яғни полис бағасына адамның жасы, жүргізушілік өтілі, жол апатына жиі түсуі, айыппұлдары, көліктің шыққан жылы және басқа да деректер әсер етеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қарапайым тілмен айтқанда, көлікті ұқыпты жүргізетін адам үшін полис арзандауы мүмкін, ал жол ережесін жиі бұзатын немесе апатқа көп түсетін жүргізуші қымбат төлейді.
«Freedom Insurance» СК» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаевтың айтуынша, қазіргі міндетті автосақтандыру жүйесі ұзақ уақыт бойы сақтандыру компаниялары үшін тиімсіз өнімге айналған. Жиналатын сақтандыру сыйлықақысы төлем шығынын толық жабуға жетпейді.
Соның салдарынан сақтандырушылар полисті белсенді сатуға, клиентке ескерту жасауға, төлем кезіндегі сервисті жақсартуға аса мүдделі болмай келген.
Нарықтағы тағы бір мәселе – сақтандырусыз жүрген жүргізушілер. ҚР ІІМ мәліметінше, 2026 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша міндетті автосақтандырусыз көлік жүргізудің 5 мыңнан астам дерегі тіркелген.
Мұндай жағдайда жол апатынан зардап шеккен адам өтемақы ала алмай қалуы мүмкін. Ал төлем жасалған күннің өзінде, көлік тозуы есептелетіндіктен, шығын толық жабыла бермейді.
Сақтандыру бағасын жүргізу мәдениеті анықтайды
Жақын арада КҚИ АҚЖМС құнын есептеу тәртібі өзгереді. Ең алдымен «бонус-малус» жүйесіндегі тарифтер қайта қаралады. Осы жүйе жүргізушінің апаттылық деңгейін есептейді. Қазір ең көп таралған санат – 13-сынып. Елдегі жүргізушілердің шамамен жартысы осы топта.
Олар полис үшін ең төменгі төлем жасайды. Бірақ осы санаттағы жүргізушілердің сақтандыру жағдайлары бойынша төлем шығыны жиналған жарнадан асып кетіп отыр.
Сол себепті 13-сыныптағы полис бағасы басқа санаттарға қарағанда көбірек өсуі мүмкін. Азамат Керімбаевтың айтуынша, жүйе ұзақ уақыт бойы осы санаттағы жүргізушілер нақты тәуекел құнының едәуір бөлігін төлемейтіндей қалыптасқан. Енді осы теңгерімсіздік түзетіледі.
Екінші маңызды өзгеріс – сақтандыру компанияларына қосымша коэффициент қолдануға рұқсат беріледі. Олар «бонус-малус» сыныптарына және өңірлік тарифтерге ±10 пайыз аралығында түзету енгізе алады. Нәтижесінде компанияларда полис құнын -18 пайыздан +20 пайызға дейін өзгерту мүмкіндігі пайда болады.
Мұндай тәсіл нарыққа скоринг жүйесін әкеледі. Әр жүргізуші өз тәртібі мен тәуекелі бойынша бағаланады. Ұқыпты жүргізсе, полисті тиімді бағамен алады. Жол апатына жиі түссе немесе ережені көп бұзса, сақтандыру қымбаттайды.
Ұқыпты жүргізуші ұтады
Сақтандыру компаниялары үшін де жаңа кезең басталады. Өнім шығынды болудан қалса, олар клиент үшін күресе бастайды. Акция, бонус, ыңғайлы сервис, жылдам төлем, сапалы қызмет ұсынуға мүдделі болады. Бұған дейін көп жүргізуші міндетті полисті «қайдан алсам да бәрібір» деп қабылдаса, енді сақтандырушыны таңдаудың маңызы артады.
Әсіресе тікелей реттеу құқығы маңызды. Жол апатынан зардап шеккен адам кінәлі тараптың сақтандыру компаниясына емес, өз сақтандырушысына жүгіне алады. Мұндай кезде компанияның сервисі, төлем жылдамдығы және клиентпен жұмыс істеу мәдениеті шешуші рөл атқарады.
Жаңа жүйе жүргізушілердің жауапкершілігін де арттыруы мүмкін. Себебі енді жол ережесін сақтау тек қауіпсіздік үшін ғана емес, қалта үшін де маңызды болады. Айыппұлды уақытында төлеу, апатқа жол бермеу, сақтандыруды кешіктірмеу – бәрі полис бағасына әсер етуі ықтимал.
Нарықтағы өзгерістің негізгі мәні осында: сақтандыру бұрынғыдай формалды қағаз болмай, жүргізушінің нақты тәртібін бағалайтын құралға айналады. Жауапты жүргізуші аз төлейді, тәуекелі жоғары жүргізуші көбірек төлейді. Егер жүйе әділ іске қосылса, сақтандыру нарығы да жанданып, жолдағы тәртіп те күшеюі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







