Қазақстандық салық төлеушілерге push-хабарлама жіберілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, мұндай хабарламалар салық тәуекелін азайту үшін жолданған. Яғни салық төлеушілерге деректерді алдын ала салыстырып, ықтимал айырмашылықтарды өз бетінше түзетуге мүмкіндік беріліп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Хабарлама жалпыға бірдей тәртіппен салық төлейтін тұлғаларға, қосылған құн салығы бойынша тіркеуде тұрған кәсіпкерлер мен компанияларға жіберілген.
Атап айтқанда, жалпыға бірдей салық салу режимін қолданатын салық төлеушілерге 2025 жылға арналған корпоративтік табыс салығы декларациясында, яғни 100.00 нысанында табысты төмен көрсетуге қатысты ескерту берілген.
ҚҚС бойынша тіркеуде тұрған тұлғаларға 2026 жылдың бірінші тоқсанына арналған 300.00 нысанында өткізу бойынша ҚҚС сомасын төмен көрсету және есепке жатқызылған ҚҚС сомасын артық көрсету тәуекелі бойынша хабарлама жолданған.
Мемлекеттік кірістер комитеті хабарламаларда айырмашылықтарды анықтау алгоритмі мен деректерді өз бетінше тексеру бойынша ұсыныстар бар екенін мәлімдеді.
Салық төлеушілерге өз мәліметін салыстырып, ықтимал қателік болса, алдын ала түзету ұсынылады. Кейін автоматтандырылған режимде камералдық бақылау хабарламалары қалыптастырылуы мүмкін.
Мамандар мұндай жағдайда декларациядағы деректерді, шот-фактураларды, өткізу айналымын, ҚҚС есепке жатқызу негіздерін және бухгалтерлік құжаттарды мұқият тексеруге кеңес береді. Егер айырмашылық расымен бар болса, оны камералдық бақылау басталмай тұрып түзеткен дұрыс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







