Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдық мерейтойы аясында Қаскелең орманшылығында «Журналистер аллеясы» ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Игі бастама «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы және халықаралық «Парктер шеруі – 2026» табиғат қорғау акциясы аясында ұйымдастырылды. Ұлттық парк аумағында өткен шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, экологтар, қоғам белсенділері, еріктілер, блогерлер, мектеп орманшылықтары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
«Журналистер аллеясы» Іле Алатауы ұлттық паркінің 30 жылдығына арналған «30 жылдыққа – 30 іс-шара» мерейтойлық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан ерекше жобалардың бірі саналады. Бастаманың мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау бағытындағы қоғамдық жауапкершілікті арттыру және БАҚ өкілдерімен байланысты нығайту.
Шара барысында қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызып, ұлттық парк аумағын көгалдандыру жұмысына үлес қосты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, журналистер аллеясы табиғат пен ақпарат кеңістігі арасындағы символдық байланысты көрсетеді. Себебі экологиялық мәдениетті қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше.
Салтанатты жиын сап түзер шерумен басталды. Қатысушылар табиғатқа арналған концерттік бағдарлама мен шығармашылық қойылымдар ұсынды. Ұлттық парк қызметкерлері биоалуантүрлілікті сақтау, табиғатты қорғау және экологиялық ағарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Биыл 30-шы рет ұйымдастырылған «Парктер шеруі» халықаралық табиғат қорғау акциясы Іле Алатауы ұлттық паркінің мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы арқылы шара экологиялық тәрбие, ұрпақтар сабақтастығы және туған жерге жанашырлық идеясын кеңінен дәріптейтін маңызды алаңға айналды.
Жыл басынан бері ұлттық парк аумағында 270-ке жуық экологиялық акция ұйымдастырылған. Оларға 90 мыңға жуық адам қатысып, 1000-ға жуық құс ұясы орнатылды, 21 тонна қоқыс жиналды. Сонымен қатар 14 146 түп көшет отырғызылғаны айтылды.
Іс-шара барысында республикалық телеарналар мен бұқаралық ақпарат құралдары экологиялық бастамаларды кеңінен насихаттап, табиғатты қорғаудың маңызына назар аударды.
Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі алдағы уақытта да табиғатты қорғау, экологиялық ағарту және қоғаммен тиімді байланыс орнату бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырмақ. «Журналистер аллеясы» осы еңбектің бір белгісі ретінде ұлттық парк тарихында қалатын бастамаға айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







