Алматыда «Алматы жастары» жеңілдетілген ипотека бағдарламасына өтінім қабылдау 2026 жылғы 1 маусымда басталады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бағдарлама бойынша ең жоғары несие сомасы 20 млн теңгеге дейін беріледі. Жылдық мөлшерлеме – 5 пайыз. Бастапқы жарна кемінде 10 пайыз болуы керек. Несие мерзімі 25 жылға дейін қарастырылған.
Бағдарламаға қатысу үшін бастапқы жарна Отбасы банктегі депозитте тұруы қажет. Өтінім берген кезде банктен алынған үзіндіні PDF форматында тіркеу керек.
«Алматы жастары» бағдарламасы 35 жасқа дейінгі азаматтарға арналған. Қатысушы Алматыдағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда ресми жұмыс істеуі тиіс. Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, журналистика, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары және қалалық коммуналдық қызмет саласының мамандарына бағытталған.
Егер үміткер некеде болса, өтінімді ерлі-зайыптылардың біреуі ғана бере алады. Негізгі талаптардың бірі – Алматы қаласында кемінде бір жыл тұрақты тіркеудің болуы. Сонымен қатар үміткер мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда меншігінде тұрғын үй болмауы керек.
Қатысушының Алматыда кемінде 6 ай ресми еңбек өтілі болуы шарт. Зейнетақы аударымдары да соңғы жарты жылда үздіксіз түсуі қажет.
Жас отбасыларға мүмкіндік
«Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасы бойынша жалдамалы пәтерде тұрып жатқан азаматтар да «Алматы жастары» ипотекасына қатыса алады. Бұл санат үшін басты талап – жалдау ақысы мен коммуналдық төлем бойынша қарыз болмауы. Мұндай қатысушыларға 35 жасқа дейінгі шектеу қолданылмайды.
Бағдарлама арқылы бастапқы және қайталама нарықтан пәтер сатып алуға болады. Қайталама нарықтағы үйдің салынған жылына шектеу жоқ. Ал жаңа тұрғын үй кешенінен пәтер алу үшін нысан пайдалануға берілген болуы керек. Салынып жатқан үй бағдарламаға жарамайды.
Өтінім kezekte.kz порталы арқылы 1 маусым сағат 09:00-ден 15 маусым сағат 18:00-ге дейін қабылданады. Қатысу үшін электронды цифрлық қолтаңбаның жарамдылығын алдын ала тексеріп алған дұрыс. Порталда «Тұрғын үй сервистері» бөліміне кіріп, Almaty Jastary қызметін таңдау қажет.
Қажетті құжаттар қатарында жұмыс орнынан анықтама, еңбек өтілін растайтын құжат, құқық қорғау саласы қызметкерлері үшін қызметтік тізім, журналистер үшін БАҚ-ты есепке қою туралы куәлік бар. Мәдениет саласындағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған қатысушыларға Алматы қаласы мәдениет басқармасынан анықтама қажет болуы мүмкін. Әскерде кемінде бір жыл қызмет еткен үміткер немесе жұбайы қосымша балл алу үшін әскери билетті ұсына алады. Барлық құжат PDF форматында жүктеледі.
Жеңілдетілген ипотека
Қатысушылар балдық жүйе арқылы іріктеледі. Алматыда осы салада істеген әр жыл үшін 2 балл беріледі. Некедегі әр жылға – 1 балл, әр балаға – 1 балл, әлеуметтік осал топ санатына жатса – 5 балл, Отбасы банктегі бастапқы жарна депозиті үшін – 1 балл, Қарулы күштерде кемінде бір жыл қызмет еткені үшін – 2 балл есептеледі.
Егер үміткер ең жоғары 20 млн теңге несиені 25 жылға рәсімдесе, ай сайынғы төлем шамамен 120 мың теңге болуы мүмкін. Мысалы, пәтер құны 22 млн теңге болса, кемінде 2 млн теңге бастапқы жарна қажет.
Дегенмен соңғы есеп әр қатысушыға жеке жасалады. Ол табыс деңгейіне, отбасы құрамына, бастапқы жарна көлеміне және несие мерзіміне байланысты болады. Бастапқы жарнаны 10 пайыздан көп салу немесе қысқа мерзім таңдау арқылы артық төлемді азайтуға болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







