Қазақстанда цифрлық қаржы активтерін шығаратын компанияларға міндетті есептілік енгізіледі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі цифрлық қаржы активтері эмитенттеріне арналған жаңа талаптарды бекітті. Енді осы нарықта жұмыс істейтін компаниялар мемлекетке арнайы белгіленген нысан бойынша есеп беруге міндетті болады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Құжат «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заң аясында қабылданды. Жаңа ереже күшіне енгеннен кейін цифрлық қаржы активтерін шығаратын эмитенттер бекітілген үлгі бойынша есеп тапсырады. Оның орындалуын қаржы реттеушісі мен Ұлттық банк қадағалайды.
Мұнда әңгіме криптовалюта сатып алып жүрген қарапайым азаматтар туралы емес. Жаңа талаптар цифрлық қаржы активтерін нарыққа шығаратын компанияларға қатысты. Яғни мемлекет мұндай активті кім шығарып жатқанын, қандай көлемде ұсынып отырғанын және нарықтың қалай жұмыс істейтінін нақты көргісі келеді.
Цифрлық қаржы активтері, әдетте, мүліктік құқықты растайтын немесе цифрлық ортада инвестициялық өнім ретінде қолданылатын құралдар ретінде қарастырылады. Сондықтан мұндай нарықтың ашықтығы мен есебінің болуы инвесторлар үшін де, қаржы жүйесі үшін де маңызды.
Жаңа құжат есептіліктің нысанын, оны тапсыру тәртібі мен мерзімін белгілейді. Эмитенттер өз қызметі туралы деректерді жүйелі түрде ұсынып отырады. Ал реттеуші органдар осы мәлімет арқылы нарықтағы тәуекелді бақылауға мүмкіндік алады.
Қарапайым инвесторлар үшін әзірге тікелей өзгеріс жоқ. Бірақ нарық біртіндеп ресми әрі түсінікті ережеге көшіп жатыр. Эмитенттер көбірек ақпарат ашуға міндеттеледі, ал мемлекет цифрлық қаржы активтері сегментін нақты есеп арқылы бақылап отырады.
Қаулы алғаш ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Сарапшылар мұндай қадам цифрлық активтер нарығын көлеңкелі және тәжірибелік алаңнан реттелетін қаржы сегментіне айналдыруға бағытталғанын айтады. Нарық неғұрлым ашық болса, инвесторлар үшін тәуекел де соғұрлым түсінікті болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







