Қазақстанда қайталама нарықтағы баспана бағасы мамыр айында тағы да төмендеді. Ақтау, Астана және Алматыда баға қатты түскені мәлім болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ел бойынша ескі пәтерлердің орташа бағасы бір айда 0,3 пайызға арзандаған. Баға құлдырауы әсіресе Ақтау, Астана және Алматы қалаларында анық байқалды.
Мамырдағы ең үлкен төмендеу Ақтауда тіркелді. Қалада қайталама нарықтағы пәтер бағасы бірден 2,6 пайызға түскен. Астанада баға 2 пайызға, Алматыда 1,7 пайызға төмендеді. Қарағанды мен Қызылордада пәтер құны 1,1 пайызға арзандаса, Шымкентте төмендеу 0,5 пайыз болды.
Орал, Тараз, Атырау және Павлодарда бағадағы өзгеріс айтарлықтай үлкен емес. Ал кей қалаларда, керісінше, өсім сақталған. Түркістанда баға 1,1 пайызға, Петропавлда 1 пайызға көтерілді. Өскемен, Көкшетау және Талдықорғанда өсім 0,5 пайыз деңгейінде. Қостанайда пәтер бағасы 0,4 пайызға, Ақтөбеде 0,2 пайызға артты. Семейде баға өзгеріссіз қалды.
Баспана нарығында жаңа бұрылыс
Ең қымбат тұрғын үй бұрынғыдай Алматыда. Қалада қайталама нарықтағы 1 шаршы метрдің орташа бағасы шамамен 806 мың теңге. Астанада шаршы метр 597,4 мың теңге, Шымкентте 474,1 мың теңге, Қостанайда 452,7 мың теңге тұрады.
Ең қолжетімді пәтерлер Қызылордада тіркеліп отыр. Мұнда 1 шаршы метрдің орташа бағасы 267,1 мың теңге. Ақтөбеде көрсеткіш 318,4 мың теңге, Таразда 319,6 мың теңге шамасында.
Айлық көрсеткіш төмендегенімен, жылдық есепте нарық әлі де өсім аймағында тұр. Бір жыл ішінде пәтер бағасы ең көп Астанада қымбаттаған. Елорданың қайталама нарығында өсім 13,6 пайызға жетті. Көкшетауда баға 13,3 пайызға, Қостанайда 11,1 пайызға көтерілген. Алматыда жылдық өсім 5,6 пайыз болды.
Сарапшылар нарықтағы қазіргі төмендеуді маусымдық түзету, сатып алушы белсенділігінің баяулауы және кей қалаларда бағаның бұрын тым жоғары көтерілуімен байланыстырады. Дегенмен ірі қалалардағы тұрғын үйге сұраныс толық жоғалған жоқ.
Астанада LRT іске қосылғаннан кейін жеңіл рельсті көлік желісіне жақын орналасқан үйлердің бағасы қайта қозғала бастағаны айтылып жүр. Риелторлардың пікірінше, станциялардан 300-600 метр қашықтықтағы екінші желідегі тұрғын үйлер көбірек қымбаттауы мүмкін.
Қайталама нарықтағы қазіргі жағдай сатып алушылар үшін аз да болса мүмкіндік ашқанымен, жалпы тұрғын үй бағасы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бағаның бір айлық төмендеуі нарық арзандап кетті деген сөз емес. Негізгі өлшем – халықтың табысы, ипотека шарттары және алдағы айларда сұраныстың қалай өзгеретіні.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







