2026 жылдың басынан бастап Қазақстанда қымбат жылжымайтын мүлік иелері үшін мүлік салығының жаңа тәртібі күшіне енді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Енді жеке тұлғаның иелігіндегі барлық нысандардың жалпы құны 450 млн теңгеден асқан жағдайда, мүлік салығы осы жиынтық құн негізінде есептеледі. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Informburo.kz агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Жаңа ережеге сәйкес, салық есебіне тұрғын үйлер, ғимараттар, саяжай құрылыстары, гараждар, көлік тұрақтары және басқа да жылжымайтын мүлік түрлері кіреді. Ал жер телімдерінің құны бұл есепке қосылмайды.
Мүліктің жалпы құнын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы әр жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша анықтайды. Дегенмен комитет өкілдері корпорация анықтайтын бұл баға нарықтағы нақты құннан айтарлықтай төмен екенін атап өтті.
Алғашқы бағалау 2027 жылы беріледі. Мемлекеттік кірістер органдары осы бағалау негізінде 2026 жылғы мүлік салығын есептеп шығарады.
«Сол себепті қазір мүлкінің жалпы құны 450 млн теңгеден асатын салық төлеушілердің нақты санын атау мүмкін емес», – делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің жауабында.
Мамыр айының ортасында Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова бірнеше пәтерді жалға беру немесе инвестициялау мақсатында сатып алатын тұлғаларға салықты арттыруды ұсынған еді. Оның пікірінше, сегіз-тоғыз пәтерге дейін сатып алатын адамдар осы инвестициядан 10-20% көлемінде салық төлеуі қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







