Қазақстан Қытаймен қарым-қатынаста бір мезгілде екі бағыт бойынша әрекет етіп жатыр. Бір жағынан, елдер арасындағы жүк тасымалын жеңілдетіп, автокөлік тасымалына квоталарды алып тастаса, екінші жағынан қытай маркетплейстерінен келетін жеке сәлемдемелерге қосымша құн салығын (ҚҚС) енгізбек, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жеке пайдалануға арналған сәлемдемелерге салынатын жаңа салық қарапайым сатып алушыларға әсер етеді. Мемлекет енді барлық осындай сәлемдемелерден ҚҚС жинамақ. Бұл міндет курьерлік компанияларға жүктеледі.
Салық қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцев бұл механизмді былай түсіндірді:
«Жеке тұлғалар осы жаздан бастап шетелден тапсырыс берген тауарлары үшін қосымша салық төлейді. ҚҚС сәлемдемені жеткізуші компаниялар арқылы ұсталады. Осылайша мемлекет нарықтағы бәсекелестікке тікелей араласпайды, тек оған қосымша салық енгізу арқылы ықпал етеді».
Көптеген қазақстандықтар жергілікті кәсіпкерлердің қысымымен қытайлық танымал қосымшалар бұғатталады деп алаңдаған еді. Бірақ Қаржы министрлігі бұған басқа жолмен – фискалдық шарамен шешім қабылдады. Қытайлық сервистер қолжетімді болып қала береді, алайда бұрынғыдай арзан бағаға тапсырыс беру мүмкін болмайды.
«Temu және Pinduoduo сияқты қосымшаларды ешкім жаппайды. Бірақ жаздан бастап жеке тұлғалар үшін енгізілетін ҚҚС салдарынан тауар бағасы қымбаттайды», – деді сарапшы Казанцев.
Карго мен кеден арасындағы жаңа тәртіп
Ал бизнес үшін Қытайдан тауар тасу керісінше жеңілдейді. Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытай автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдау жөніндегі бірлескен комитеттің отырысында тараптар 2026 жылдың соңына дейін тасымал рұқсаттарының санына шектеулерді толығымен алып тастауды келісті.
Бұған дейін тасымалдаушыларға берілетін рұқсаттар саны шектеулі болатын. Бұл жағдай жүк тасымалы көлемі өскен кезде үлкен кедергілер туғызатын еді.
Кездесуге Қазақстан тарапынан ҚР Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көлік бақылау комитетінің төрағасы бастаған делегация қатысты. Оның құрамында Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің және «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ өкілдері болды.
Сондай-ақ, кездесуде «Нұр Жолы» өткізу бекетінің өткізу қабілетін арттыру мәселесі бөлек қарастырылды. Бұл бекет Қазақстан-Қытай жүк тасымалындағы негізгі өткелдердің бірі болғанымен, тасымалдаушылар үшін жүйелі мәселе болып қала берді.
Сонымен қатар, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Қазақстанның ақылы автожолдары бойынша жолақысын WeChat Pay арқылы төлеу жүйесін енгізу жоспарланған. Бұл шара қытайлық жүргізушілердің жұмысын жеңілдетпек.
Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 31 млрд доллардан асты. Оның едәуір бөлігі автокөлік тасымалына тиесілі. Квоталарды алып тастау рейстер санының артуына, бюрократиялық кедергілердің азаюына, тауарларды жеткізу мерзімінің қысқаруына және бағаның төмендеуіне ықпал етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







