Кәсіпкерлер тауарларды таңбалау жүйесіне қажет жабдық шығындарын 150 пайыз көлемінде шегерімге жатқыза алады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 16-отырысында таңбалау жүйесін енгізу кезінде бизнеске қосымша қолдау көрсету мәселесі қаралды. «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жәркеновтің айтуынша, таңбалау талабы кәсіпкерлер үшін өндірістік желіні жаңғырту, арнайы жабдық сатып алу және ішкі процестерді қайта бейімдеу секілді едәуір шығынды қажет етеді.
Осы қаржылық жүктемені азайту үшін сәйкестендіру жабдықтарын сатып алуға жұмсалған нақты шығынды салықтық шегерімге 150 пайыз мөлшерінде жатқызу ұсынылды. Яғни кәсіпкер нақты жұмсаған сомадан 50 пайызға артық көлемді шегерім ретінде көрсете алады.
Жобалық кеңсе мүшелері бұл ұсынысты қолдады. Тиісті түзету Салық кодексіне енгізіледі.
Отырыста резидент еместер үшін электрондық шот-фактура жазу мерзімін ұзарту мәселесі бойынша да түбегейлі шешім қабылданды. Қазіргі уақытта Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» ҰКП норманың соңғы редакциясын пысықтап жатыр.
Алдын ала тәртіпке сәйкес, резидент еместер үшін ЭШФ ҚҚС бойынша декларация тапсырылатын күннен бір жұмыс күні бұрын кешіктірілмей жазылуы қажет.
Сонымен қатар еңбекақы төлеу қорына қатысты міндетті төлемдерді біріздендіру жөніндегі пилоттық жоба талқыланды. Жаңа тетік салық төлеушінің кабинеті арқылы іске асуы мүмкін. Жұмыс беруші қызметкердің ЖСН-ін және жалақы мөлшерін енгізсе, жүйе барлық міндетті төлемді автоматты түрде есептейді.
Бұл механизм еңбекақы қорынан төлем жүргізу тәртібін жеңілдетіп, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтады. Сондай-ақ стандартты есеп айырысу операциялары үшін бухгалтерлік қызметке тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







