Freedom Impressions Talk алаңында қазіргі туризмнің жаңа бағыты кеңінен талқыланды. Өз кезегінде Freedom Travel CEO жетекшісі Игорь Бойко қазіргі таңда саяхат пен концерттің басты құндылығы адамның шынайы әсер алуына ауғанын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Игорь Бойконың айтуынша, қазіргі саяхатшы бұрынғыдай тек ел немесе қала таңдаумен шектелмейді. Ол ең алдымен «ол жақта не істеймін, қандай әсер аламын, не үшін барамын?» деген сұраққа жауап іздейтін болған. Сондықтан туризм нарығында бағыттан гөрі эмоция мен тәжірибе маңызды бола бастағанын маман алға тартты.
– Қазір концерттер, фестивальдер, спорттық жарыстар және мәдени оқиғалар саяхатқа шығудың басты себебіне айналып отыр. Адамдар белгілі бір қалаға жай демалу үшін емес, сүйікті әртісін көрәп, марафонға қатысып, ерекше атмосфераны сезіну үшін аттанатын болған, – дейді Игорь Бойко.
Игорь Бойко мұндай үрдісті цифрлық дәуірдегі табиғи өзгеріс деп бағалайды. Қазір адамдардың көп уақыты смартфон мен әлеуметтік желіде өтеді. Сол себепті шынайы өмірдегі әсерге, тірі эмоцияға және нақты тәжірибеге сұраныс артып келеді.
Оның айтуынша, виртуалды шындық технологиялары дамығанымен, олар саяхаттың орнын толық баса алмайды. Себебі сапардың мәні әдемі көріністі көрумен ғана өлшенбейді. Жаңа қаланың тынысын сезіну, жергілікті ортамен байланысу, адамдармен жүздесу және сол сәттің ішінде болу әлдеқайда маңызды.
Бойконың сөзінше, туризм сервистері де осы өзгеріске бейімделуі керек. Болашақта платформа тек билет пен қонақүй ұсынатын құрал болып қалмайды. Ол адамды шабыттандыратын, сапар мақсатын айқындайтын және барлық қызметті бір жерге біріктіретін толық экожүйеге айналуға тиіс.
Сондықтан саяхат, концерт және мәдени іс-шаралар алдағы жылдары бір-бірімен бұрынғыдан да тығыз байланысады. Игорь Бойконың айтуынша, адам қайда баратынын ғана емес, сол сапардан қандай естелік алып қайтатынын көбірек ойлайтын кезең басталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







