Арменияда өткен парламенттік сайлау елдің геосаяси бағытын айқындап, қазіргі премьер Никол Пашинянның «Азаматтық келісім» партиясының жеңісімен аяқталды деп жазады Ertenmedia.kz.
Төртінші мәрте ұйымдастырылған саяси дода кезекті сайлау емес, елдің Батысқа бет бұру немесе Мәскеу орбитасында қалу таңдауын шешкен үлкен референдум іспетті өтті.
Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметіне сүйенсек, сайлаушылардың саяси белсенділігі өте жоғары болған. Дауыс беруге құқылы азаматтардың 59 пайызға жуығы (шамамен 1,5 миллион адам) саяси таңдауын жасаған.
Никол Пашинянның партиясы 50 пайыздан астам дауыс жинап, парламенттегі басымдыққа ие болды. Негізгі оппозициялық күш ретінде танылған, миллиардер Самвел Карапетян бастаған ресейшіл «Қуатты Армения» альянсы 23 пайыз төңірегінде дауыс жинап, екінші орынды місе тұтқан.
Ал бұрынғы президент Роберт Кочарянның «Армения» блогы 9 пайыздан сәл асатын көрсеткішпен үшінші орынға табан тіреді.
Пашинян нәтижені «тарихи жеңіс» деп атап, Армения халқының егемендік пен бейбітшілікті таңдағанын мақтанышпен жеткізді. Десе де, ол елдің сыртқы экономикалық байланыстарын үзбейтінін мәлімдеп, Батыспен жақындасу үдерісін жалғастыра отырып, Еуразиялық одақ аясындағы және Кремльмен арадағы серіктестікті де сақтап қалуға тырысатынын байқатты.
Ertenmedia-ға пікір білдірген саяси сарапшы Нұрлан Жұмахан жеңістің Оңтүстік Кавказ аймағындағы бейбітшілік процесіне, атап айтқанда Әзірбайжанмен жасалған уағдаластықтарды бекітуге және Анкарамен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге жаңа серпін беретінін айтады.
«Енді Пашинян үкіметінің алдында Мәскеудің қысымына төтеп бере отырып, Батыспен ықпалдастықты тереңдету және ішкі тұрақтылықты нығайту секілді күрделі макросаяси міндеттер тұр», — дейді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







