Танымал кәсіпкер, «Қазатомның» экс-басшысы Мұхтар Жәкішев қызы Алтынайдың шетел азаматына байға тиуіне байланысты желідегі қауымның сынына жауап қатты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күні кеше Жәкішевтің кенжесі Карл есімді британ азаматымен отбасын құрған. Алматыда дүркіретіп той өткізген кәсіпкердің қуанышына елдегі ығай мен сығайдың көпшілігі қатысып, ақ тілегін айтысқан.
«Тұңғышым Әйгерім тұрмысқа шыққанда қамауда отырдым, оған хат арқылы ғана құттықтау жолдаған едім. Кенже қызым Алтынайды өз қолыммен ұясынан ұшырудың орны мен үшін мүлде бөлек. Осындай маңызды күнде қызымның қасынан табылып, ақ тілегімді тірі дауыспен жеткізу мен үшін зор бақыт. Күйеубалам? Желіде оның ұлтына қатысты айтылып жатқан орынсыз сөздер мен теріс пікірлер тек аяныш пен жиіркеніш тудырады», — дейді осы тұста Жәкішев.
Тергеушілер, прокурорлар һәм судьялар…
Оның атап өткеніндей Алтынай мен Карлдың сезімі алты жылдық уақыт сынынан өткен, тіпті екі жыл бұрын Карл Алматыға арнайы келіп, Жәкішевтің алдынан өтіп, ризашылығын алған екен.
«Нағыз намыс күйеу баланың ұлтымен емес, адамның ең ауыр сәтте өз арын, беделін жоғары бағамен сақтап қала алу қабілетімен өлшенеді.
Жаман ұлт болмайды, тек жаман адамдар ғана бар, қалғанының бәрі осы қарапайым ереженің салдары ғана. Кезінде мансап үшін ар-ожданын сатып, маған қарсы жалған іс ұйымдастырған тергеушілердің, прокурорлар мен судьялардың арасында бірде-бір шетелдік болған жоқ.
Маған Карлдың өмірлік ұстанымдары, еңбекқорлығы мен биік мақсаттары өте ұнайды. Бірақ әке ретінде мен үшін ең маңыздысы оның Алтынайды шексіз, шынайы әрі нәзік махаббатпен сүйетіндігі. Ұлыбританияда жетпіс жылдан астам уақыт тұрып жатса да, өз тамырын ұмытпай, тойға ұлттық киіммен келген жаңа құдаларым да көңілімнен шықты», — дейді кәсіпкер.
Құдалар туралы не белгілі?
Айтуынша, құдалар да осал емес. Карлдың әкесі Генри ағылшын жеріндегі танымал инвестициялық банкирлердің бірі екен. Той үстінде құдалар жастардан бөлек, әлемдік экономикалық үрдістерді үлкен қызығушылықпен талқылапты.

Мұхтар Жәкішев қызының табысына қуанғанымен, оның балалық шағының қиын жағдайда өткенін еске салып отыр.
«Бүгінде Алтынайдың журналист әрі әлемдік ірі брендтердің жарнамалық науқандарына таңдалып жүрген табысты модель ретінде қалыптасқанын мақтан тұтамын.
Алайда ол өсіп жатқанда қасында бола алмағаныма іштей қатты өкінемін. Мені тұтқындағанда ол тоғыз жаста еді, бостандыққа шыққанда жиырмаға толды. Отбасыма жасалған қысымнан құтылу үшін ол жат елге кетіп, бейтаныс тілде сөйлейтін адамдардың арасында, мектеп-интернатта еріксіз бой жетті.
Бала үшін ата-анасының махаббатына бөленіп отыратын үйінің орнына мүлде жат ортаға тап болуды түсіну өте қиын, бірақ қызым бұл сынаққа мықтылықпен төтеп бере білді. Мен өмірдің талай қатпарлы соқпағынан шыңдалып, лайықты азамат болып өскен балаларымның кез келген таңдауын әрдайым құрметтеймін және қолдаймын. Ақ тілек білдірген барша жұртшылыққа алғысым шексіз», — деп жазды ол.
Cөй деп сөзін түйіндеген Жәкішев соңғы бір апта бойы жалғасқан гу-гу әңгімене нүкте қоюға тырысыпты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







