Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың келісімшарты төңірегіндегі даулы мәселенің ақ-қарасын ажыратып берді деп жазады Ertenmedia.kz.
Ведомство басшысы спортшымен арадағы құжатқа ресми түрде қол қойылғанын жеткізіп, қоғамда үлкен талқылау тудырған мәселенің негізгі себептерін ашып көрсетті.
Министрдің айтуынша, қос тараптан да менеджерлер мен жауапты орындаушылар өз міндетін тиісті деңгейде атқармаған.
«Михаил, Мишаның келісімшарты бойынша мәселе толық шешілді, шарттың барлық талаптары спортшыға жеке түсіндіріліп, құжатқа қол қойылды», — деді Мырзабосынов. Министр келісімнің халықаралық стандарт мен Дүниежүзілік антидопингі агенттігінің (WADA) ұсыныcына сай әзірленгенін, құжатты Әлихан Смайылов басқаратын Жоғары аудиторлық палата сүзгіден өткізгенін алға тартып отыр.
«Ашығын айтқанда, жекелеген спортшы үшін бөлек ереже жаза алмаймыз, барлық атлетке қойылатын талап ортақ. Түнеукүнгі жанжалдың ішкі байланыстың нашарлығынан өршігенін жасырмаймыз. Біз Михаилмен бірге жағдайды егжей-тегжейлі зерттеп, тиісті қорытынды жасадық, екі жақтан да орындаушылар ақпаратты дұрыс жеткізбей, қателік жіберген. Байланысты үзген қос тараптың да менеджерлері жасаған кемшіліктері үшін тиісті жазасын алды», — дейді ведомство басшысы.
Құжаттағы 2030 жылғы Олимпиадада міндетті түрде медаль алу туралы тармаққа қатысты да нақты жауап берілді. Министрдің айтуынша, мұндай межеге ұмтылу спорттың барлық түрінде бар.
Сондай-ақ ол Шайдаровтың Мальдив аралындағы демалысы бюджет есебінен емес, федерацияның демеушілігімен ұйымдастырылғанын нақтылады. Қазіргі уақытта чемпионның командасы АҚШ-та өтетін екі айлық оқу-жаттығу жиынына дайындалып жатыр. Белгілі болғандай, мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкинамен де дәл осындай келісімшартқа қол қойылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







