Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, Үкімет 2025 жылға арналған барлық әлеуметтік міндеттемені толық орындады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Министр бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі баяндама барысында айтты.
Мәди Такиевтің сөзінше, 2025 жылы республикалық бюджет шығыстары 99 пайызға орындалды. Жалпы шығыс көлемі 25,5 трлн теңгені құрады.
Оның ішінде әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге бағытталған. Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бөлінген.
«Үкімет тарапынан барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды. Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталған болса, әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге жіберілді», деді қаржы министрі.
Мәди Такиев ұлттық жобалар аясында білім беру және денсаулық сақтау инфрақұрылымы бойынша да бірқатар нысан аяқталғанын айтты. Оның мәліметінше, елде 198 мектеп салынды. Сонымен қатар 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды.
Студенттерге арналған жатақхана мәселесі де назардан тыс қалмаған. 2025 жылы 10 мыңнан астам орынға арналған 30 жатақхана пайдалануға берілген.
Тұрғын үй құрылысы бойынша да көрсеткіш жоғары. Барлық қаржыландыру көзі есебінен 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 5 141 пәтер сатып алынған. Министрдің айтуынша, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр.
2025 жылы 980,5 шақырым инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желісі салынды. Сонымен қатар сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің 6,3 мың шақырым желісі салынып, жөнделді.
Көлік инфрақұрылымына да қомақты қаражат бағытталған. Мәди Такиевтің мәліметінше, 13 мың шақырымға жуық автожол жұмыстың әртүрлі түрімен қамтылды.
Соның ішінде 9 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдарға тиесілі. Тағы 4 мың шақырым жергілікті маңызы бар автожолда жұмыс жүргізілді.
Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар теміржол және әуе бағыттарын қолдау жалғасты.
Қаржы министрінің айтуынша, 2025 жылғы бюджеттің негізгі бөлігі халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін салаларға жұмсалған. Әлеуметтік төлемдер, инфрақұрылым, тұрғын үй, жол және өңірлерді қолдау бюджет саясатының басты бағыттары қатарында болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







