Жасанды интеллект саласында есептеу қуаттарына сұраныс қарқын алып, нарықта инфрақұрылым мен қауіпсіздікке қатысты жаңа талаптар қалыптасып келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
IT-сала өкілдері мен дата-орталық операторларының пікірінше, тапсырыс берушілермен жұмыс барысында технологиялық ортаны өзгертетін үш басты бағыт айқын аңғарылады. Олардың қатарында есептеу қуатының күрт артуы, физикалық ресурстардың дайындығы және заңнамалық реттеу мен деректерді сақтау мәселесі тұр.
Есептеу қуатының өсуі және сұраныстың құбылмалылығы
Жасанды интеллект жүйелерін енгізу дәстүрлі серверлерден түбегейлі өзгеше көзқарасты талап етеді. Кәсіпорындар әртүрлі цифрлық платформалар мен сервистерді қолдана бастағанда, тұтынылатын қуат көлемі бірнеше есе көбейеді.
«Жасанды интеллект кеңседе немесе жертөледе орната салатын қарапайым құрал емес, бұл – дербес инженерлік кешен. Клиенттер тиімділікке қол жеткізген сайын қуатты көбірек тұтынады. Дегенмен сұраныс өте жоғары әрі біркелкі емес», – деп түсіндірді сала маманы.
Инфрақұрылымды дамыту кезінде қаржылық теңгерімді сақтау маңызды. Жүйенің кеңею қарқыны оған бағытталатын инвестиция мен нақты түсіммен сәйкес келуге тиіс.
«Физикалық шектеулер»: Электр қуаты мен жер тапшылығы
Нарықтағы келесі басты фактор физикалық инфрақұрылыммен тікелей байланысты. Қазіргі жабдықтармен шектеліп, болашақ буынға алдын ала дайындық жасамау үлкен тәуекелдерге әкелуі ықтимал.
«Бүгінде нарыққа B300, GB300 сияқты жаңа буын чиптері келіп жатыр. Егер ертеңге қажетті электр қуаты, жер және байланыс арналары сияқты физикалық инфрақұрылым қазірден дайын болмаса, болашақта бәсекеден ұтылып қалу әбден мүмкін», – деп ескертті ол.
Дата-орталықтар үшін тек процессорлар ғана емес, оларды үздіксіз қамтамасыз ететін электр желілері мен жоғары жылдамдықты байланыс арналары шешуші рөл атқарады.
Деректердің қауіпсіздігі және Цифрлық кодекс талаптары
Үшінші негізгі тренд – деректердің қай жерде және қалай сақталатыны туралы сауал. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор және реттелетін құрылымдар қауіпсіздікке ерекше назар аударуда.
Тапсырыс берушілер тек сервердің орналасқан жерін ғана емес, ақпараттың қалай өңделетінін сұрайды. Сондай-ақ жүйелік жазбалардың жүргізілуі және олардың жаңа Цифрлық кодекс талаптарына толық сәйкестігі басты назарға шықты. Осылайша, заңнамалық талаптар мен киберқауіпсіздік жасанды интеллектіні дамытудың ажырамас бөлігіне айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







