Астанада «AMANAT» партиясының XXVI съезі өтіп, делегаттар «Әділет» партиясына қосылу туралы шешімді қолдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Съезге еліміздің барлық өңірінен делегаттар қатысты. Жиында партияның Саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есепті кезеңдегі жұмысы қаралды. Сонымен қатар ұйымның алдағы бағыты талқыланды.
Съезд барысында партия мүшелері, Мәжіліс депутаттары және өңірлік ұйым өкілдері сөз сөйледі. Олар елдегі саяси реформалар, қоғамдық келісім, жастардың рөлі және әлеуметтік жобалар туралы пікір білдірді.
Мәжілістегі партия фракциясының мүшесі, партияның Әйелдер қанатының тең төрағасы Үнзила Шапақ Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан саяси реформалар елді жаңғыртудың негізіне айналғанын айтты.
Оның сөзінше, жаңа Конституция әділетті мемлекет қағидаларын бекітіп, азаматтардың саяси процестерге қатысу мүмкіндігін кеңейтті.
Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко реформалардың табысы олардың өңірлерде қалай орындалатынына байланысты екенін атап өтті. Ол мемлекеттік институттар, саяси партиялар және азаматтық қоғам ортақ ұлттық мақсат жолында бірігуі керек деді.
Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов елдегі өзгерістер жастарға жаңа мүмкіндік ашқанын айтты. Оның пікірінше, жастар қазір қоғамдық бастамаларға ғана емес, заң шығару процесіне де белсенді қатысып келеді.
Шығыс Қазақстан облыстық көпбейінді медициналық орталығының директоры, бастауыш партия ұйымының төрағасы Гүлмира Сағидуллина партияның әлеуметтік және қайырымдылық жобалары туралы баяндады. Ол отбасыларға, жастарға, ардагерлерге және ерекше қажеттілігі бар адамдарға көрсетіліп жатқан қолдауға тоқталды.
Партия төрағасы Ерлан Қошанов алдағы кезеңде реформалар бағытын сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және мемлекет пен азамат мүддесі үшін күш біріктіру маңызды екенін айтты.
«Бірігіп, бір пропрезиденттік күш құрамында заманауи Қазақстанды құруымыз керек. Біз өз идеяларымыз бен ұстанымдарымыздан бас тартпаймыз, оларды жаңа деңгейге шығарамыз. Бұл табиғи саяси қадам», деді Ерлан Қошанов.
Талқылау қорытындысы бойынша съезд делегаттары «Әділет» партиясына қосылу туралы шешімді қолдады.
Саяси тұрғыдан бұл шешім билікшіл саяси күштерді бір орталыққа шоғырландыру бағытын көрсетеді. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай қадам реформаларды жүйелі жалғастыруға және президенттік күн тәртібі айналасында саяси күштерді біріктіруге бағытталған.
Енді негізгі мәселе жаңа саяси конфигурацияның өңірлердегі нақты жұмысына байланысты болмақ. Партиялық құрылымның күшеюі әлеуметтік жобаларға, заң шығару жұмысына және жергілікті деңгейдегі қоғамдық бақылауға қалай әсер ететіні алдағы уақытта белгілі болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







