«Ақ жол» демократиялық партиясын 15 жыл бойы басқарған Азат Перуашев күтпеген жерден төрағалықтан кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ол шешімін 13 маусым, сенбі күні өткен партия съезінде жариялады. Мінберге шыққан Перуашев ұзақ жыл отырған орнын босататынын айтып, делегаттарға жаңа төраға ретінде Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды.
Перуашевтің баяндамасы партия ішіндегі кезекті хаттамалық ауыс-түйіс емес, тұтас кезеңнің аяқталғанын аңғартқандай болды. Ол саяси ұйымдарда басшылықтың ауысып тұруы қажет екенін айтып, өзіне де, партияға да тоқырауға жол бермеу керегін меңзеді.
«Біз өзгерістің алдында тұрған жоқпыз, сол өзгерістің ішінде жүрміз. Бүгінгі шындықты өзгертетін оқиғалар ағыны ақырындап басталып кетті. Бірақ монополия соған кедергі келтіруі мүмкін.
Монополияға қарсы ең тиімді дәрі басшылықтың мерзімді түрде ауысып отыруы. Сондықтан өзім де қола мүсінге айналып кетпеу үшін, жаңа идеялар мен тың серпінге тосқауыл болмау үшін партия төрағасы өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдадым. Осы шешімді қолдауды және дау тудырмауды сұраймын.
Әрі күн санаулы кезде белгісіздікке жол бермес үшін съезд қарауына жаңа төрағаның кандидатурасын ұсынамын», — деді Перуашев.
Дания Еспаева қазір Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметін атқарады. 2019 жылы ол Қазақстан тарихында президент сайлауына кандидат болып ұсынылған алғашқы әйел ретінде саяси алаңға шыққан. Съезд қолдаса, Еспаева «Ақ жол» партиясын басқаратын алғашқы әйел болады.
Контекст
Перуашевтің кетуі Қазақстандағы партиялық алаңда тектоникалық өзгерістер басталғанмен кезеңмен тұспа-тұс келді. Бір күн бұрын, 12 маусымда екі президентшіл партия Amanat пен «Әділет» бірігу процесін бастағанын жариялаған еді. Мәселе Астанада өткен съезде талқыланып, Amanat өкілдері «Әділетпен» қосылуды саяси жүйенің табиғи дамуы деп атаған-тұғын.
Ал Перуашевтің өзі кейінгі уақытта бірнеше рет даулы пікір білдіріп, әлгі әрекетінен таяқ жеді. Президент Тоқаевтың сынынан кейін ол Қазақстанды «штрафстанға» айналды деген уәжінен бас тартқан.
Ал «Ақ жол» Перуашевсіз кезеңге аяқ басқалы тұр. Он бес жыл бойы партия атауы оның есімімен қатар айтылып келді. Съезд Еспаеваны қолдаса, партияның ішкі архитектурасы ғана емес, саяси бет-бейнесі де өзгеруі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







