Қазақстандағы депозит көлемі рекордтық шекке жетті. Сәуір айында екінші деңгейлі банк жүйесіндегі жеке тұлғалар салымы 396 миллиард теңгеге еселеніп, жалпы сомасы 28,6 триллион теңгені бағындырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, халық салымы бір айда 1,4 пайызға, ал бір жылдық динамикада 15,5 пайызға бір-ақ өскен. Қаржы тасқынынан ең үлкен үлес алған үштік қатарында Kaspi Bank, Банк ЦентрКредит және Halyk Bank көш бастап тұр.
Нақтырақ айтқанда, Kaspi Bank бір ай ішінде салым көлемін 162 миллиард теңгеге арттырып, депозит портфелін 7,1 триллион теңгеге толтырған.
Екінші сатыға 100 миллиард теңгелік таза өсіммен Банк ЦентрКредит жайғасса, үздік үштікті халықтан тағы 51 миллиард теңге тартқан Halyk Bank түйіндеді.
Жылдық қорытынды бойынша да үздік үштік құрамы өзгерген жоқ.
- Kaspi Bank бір жыл ішінде нарықтан 1,2 триллион теңге жинап, алдына жан салмады.
- Екінші орынға 724,7 миллиард теңге қосып алған Отбасы банк тұрақтаса
- Үшінші орын 663,9 миллиард теңгелік көрсеткішпен Halyk Bank-ке бұйырды.
Сарапшы Айбар Олжай депозиттің мұндай қарқынмен еселенуін қаржы жүйесіне деген сенімнің нығаюымен, мобильді қосымшаның қолайлылығымен және тартымды пайыздық мөлшерлемемен түсіндіреді.
Алайда, сырттай тиімді көрінген үрдістің экономика үшін кері әсері бар. Банктердің кассасы ақшаға толғанымен, қатардағы қазақстандық шығынды мейлінше қысқартып, үнемдеу режиміне көшкен.
Банк шотында жинақталған 29 триллион теңгеге жуық қаражат нарықтағы тұтыну сұранысын ынталандыруға немесе шағын және орта бизнесті қаржыландыруға бағытталмай, қарекетсіз жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






