Екі қабатты зәулім коттеджі мен қымбат жол талғамайтын көлігі бар дәулетті зейнеткердің туған қызынан алимент талап еткен таңғаларлық әрекеті Балқашта үлкен дау туғызды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қарағанды облысында өткен біртүрлі сот отырысында балқаштық қарт перзентінен ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 37 мың теңгеге жуық жәрдемақы өндіріп беруді сұраған.
Қария қаржыдан таршылық көріп, дәрі-дәрмекке ақша таппай отырғанын, ал қызының тасбауырлық танытып, жәрдемдеспейтінін алға тартыпты.
«Неке және отбасы» кодексінің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған бала еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж ата-анасын бағуға міндетті. Алайда, Балқаш қалалық соты қос тараптың нақты материалдық жағдайын тексерген кезде, мүлдем күтпеген жайттың беті ашылған.
«Мұқтаж» атанып, шағым түсірген қарияның ай сайынғы зейнетақысы 128 229 теңгені құрайтыны анықталған.
Оған қоса, ақсақалдың жеке меншігінде екі қабатты үлкен үйі мен «Mitsubishi Montero Sport» маркалы жол талғамайтын көлігі бар болып шықты. Оның үстіне, ұлы да әкесіне тұрақты түрде қаржылай қолдау көрсетіп тұрады екен.
«Ал әкесінің айыптауына тап болған келіншек дүкенде істейді және айлық табысы небәрі 85 мың теңгеден аспайды. Ол ешқандай жәрдемақысыз екі баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Жауапкердің айтуынша, дәулетті әкесі зәулім үйде жалғыз тұрады, ал дәрігер оған емдік препарат орнына тек дәрумен ішуді ғана бұйырған», — деді осы тұста сот.
Судья жиналған құжат пен чекті саралай келе, талапкердің ештеңеден тарықпағанына көз жеткізіпті. Қария емделуге қыруар қаржы жұмсағанын немесе зейнетақысының негізгі қажеттілікке жетпейтінін дәлелдейтін бірде-бір айғақ ұсына алмаған.
Істің мән-жайына үңілген сот екі жақ арасындағы ескі өкпе-реніш осындай қадамға ілік болған деген қорытындыға келген. Сөйтіп талап арызды қанағаттандырудан бас тартқан. Ауқатты зейнеткер төрелікке қарсы уәж айтпай, сот залынан үнсіз шығып кетіпті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







