Қазақстанда шетелге жұмысқа шығатын азаматтардың құқықтарын қорғау және еңбек нарығындағы жасырын жұмыспен қамтуды анықтау үшін жаңа цифрлық құралдар енгізіледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.
Жиында азаматтардың шетелдегі еңбек құқықтарын қорғауға арналған онлайн құралдар таныстырылды. Сонымен қатар еңбек нарығын бақылауға арналған жасанды интеллект алгоритмдері көрсетілді.
Министрлік бейресми жұмыспен қамту, тіркелмеген еңбек шарттары және жалақыны төмендетіп көрсету фактілерін цифрлық тәсілмен анықтауды көздеп отыр.
Көші-қон комитетінің төрағасы Елдар Күзенбаев жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің тізілімін цифрландыру туралы баяндады. Қазір Қазақстанда шамамен 400 жеке агенттік жұмыс істейді.
Мәжіліс мақұлдаған көші-қон мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында уәкілетті органға мұндай агенттіктердің қызметін мемлекеттік бақылау құзыреті беріледі.
Осы мақсатта QazETA экожүйесі, яғни migration.enbek.kz платформасы негізінде жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің цифрлық тізілімі іске қосылады.
Конверттегі жалақыға цифрлық тұзақ
Елдар Күзенбаевтың айтуынша, жаңа модель азаматтың агенттік таңдауынан бастап шетелде нақты жұмысқа орналасуына және Қазақстанға оралуына дейінгі бүкіл процестің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Агенттіктер тізілімге электронды форматта енгізіледі. Олар алдымен мемлекеттік дерекқорлар арқылы автоматты тексерістен өтеді. Біліктілік талаптарына сәйкестігі, салық берешегі және сот шектеулерінің бар-жоғы қаралады.
Адал жұмыс істейтін агенттіктер туралы ақпарат тізілімнің ашық бөлігінде жарияланады. Азаматтар сол арқылы сенімді агенттікті таңдай алады.
Жаңа жүйеде агенттіктер азаматтармен қызмет көрсету шарттарын тек платформа арқылы жасасуға міндеттеледі. Мұндай тәсіл бейресми келісімдер мен жасырын комиссиялардың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар шетелдік жұмыс берушілерді верификациялау тетігі енгізіледі. Бұл бағытта Сыртқы істер министрлігімен өзара іс-қимыл қарастырылған.
Агенттіктер тәуекел деңгейі бойынша да жіктеледі. Құқық бұзушылық белгілері байқалған жағдайда бақылау жүйесі жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Министрлік бұл тәсілді әзірлеу кезінде Филиппин, Сингапур, Ұлыбритания және Австралия тәжірибесін зерттеген.
Кеңесте еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін жаңғырту мәселесі де қаралды. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Ерасыл Жұманбаев нақты уақыт режимінде деректерді салыстырудың жаңа тетіктерін таныстырды.
Жаңа алгоритм еңбек шарттары туралы мәліметтерді міндетті зейнетақы жарналарымен ай сайын автоматты түрде салыстырады.
Еңбек шартын жасыру қиындайды
Егер қызметкерлер тізімі енгізілген кезде жүйе тіркелген еңбек шартының жоқ екенін анықтаса, жұмыс беруші заң бұзушылықты жойғанға дейін декларация толтыруды жалғастыра алмайды.
Ерасыл Жұманбаевтың айтуынша, бұл есептілік тапсыру кезінде тіркелмеген жұмыспен қамту фактілерінің алдын алуға көмектеседі.
«Конвертпен» жалақы төлеу фактілерін анықтау үшін арнайы жасанды интеллект моделі іске қосылады.
Жүйе еңбек шарттары мен зейнетақы жарналары деректері негізінде әр кәсіп бойынша эталондық, яғни медианалық жалақыны тоқсан сайын есептейді. Есеп өңір және біліктілік деңгейі бойынша жүргізіледі.
Егер жұмыс берушінің көрсеткіші осы эталоннан жүйелі түрде 50 пайыздан астам ауытқыса, оның жеке кабинетіне автоматты хабарлама жіберіледі.
Кәсіпорын 60 күн ішінде негізді түсініктеме бермесе, оған ықпал ету шаралары қолданылады. Мұндай компания жоғары тәуекел тобына енгізілуі мүмкін. Сондай-ақ мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларына қатысуы шектеліп, мемлекеттік сатып алулардағы жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізілуі ықтимал.
Еңбек шарттары базасының толық болуын қамтамасыз ету үшін штаттық кестелер мен электрондық шарттарды есепке алу енгізілген. Келесі кезеңде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды және жалақы сақталмайтын әлеуметтік демалыстарды міндетті тіркеу жоспарланып отыр.
Кәсіпорын таратылған жағдайда еңбек шарттарының тоқтатылуын тіркеу нормалары да заңнамалық тұрғыдан бекітіледі.
Жеке кәсіпкерлерді қамтуды кеңейту үшін Kaspi мобильді қосымшасымен сервистерді интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жиын қорытындысы бойынша Асқарбек Ертаев Көші-қон комитетіне, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-на және Жеке жұмыспен қамту агенттіктері қауымдастығына цифрлық реттеу тетіктерін іс жүзінде енгізуді бастауды тапсырды.
Министр сондай-ақ кадрлық сервистерді интеграциялау жұмыстарын жеделдету қажет екенін айтты.
Аппараттық кеңесте министрліктің жаңа Конституция нормалары мен басым нормативтік құқықтық актілерді іске асыруы жөніндегі баяндама да тыңдалды. Сонымен қатар құрылымдық бөлімшелер басшылары атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Министрлік жаңа цифрлық құралдар еңбек нарығын ашық етуге, жұмысшылар құқығын қорғауға және шетелге жұмысқа шығатын азаматтар үшін қауіпсіз арна қалыптастыруға мүмкіндік береді деп есептейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







