Қазақстан қор биржасында доллар бағамы 487 теңгеден асып, ұлттық валютаға қатысты жаңа болжамдарды күшейтті. Сарапшылардың назары АҚШ пен Иран арасындағы келісімнен кейін мұнай нарығында қалыптасқан жағдайға ауып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Informburo-ға сілтеп.
Ұлттық банктің ресми бағамы бүгін 491 теңге 37 тиынды құрады. Соңғы күндері доллар біртіндеп қымбаттап келеді. Нарықтағы сауда көлемі де жоғары деңгейде сақталып отыр.
Экономистер теңгеге түсіп жатқан негізгі қысымды мұнай бағасының төмендеуімен байланыстырады. Қаржы кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, жағдай алдағы уақытта одан әрі күрделенуі мүмкін.
«Бағаның әлі де төмендеу ықтималдығы жоғары. Мұнай арзандаса, ұлттық валютаға да әсер етеді. Жыл соңына дейін доллар бағамы 500 теңгеден жоғары деңгейге жетуі әбден мүмкін», – деді ол.
Сарапшы мұндай тәуекелді мұнай өндіруші елдер арасындағы өзгерістермен байланыстырады. Нарыққа жаңа көлемдердің шығуы қара алтын бағасына қосымша қысым түсіруі ықтимал.
Экономист Ануар Нұртазин де доллардың 500 теңгеге жетуін тосын жағдай деп санамайды.
«500 теңге деңгейін бұрын да көрдік. Сондықтан мұндай көрсеткіштің өзі үлкен мәселе емес. Маңыздысы бағамның сол межеде қанша уақыт сақталатыны. Қазіргі жағдайда 500 теңге әлдеқайда шынайы сценарийге ұқсайды. Бірақ тамыздағы сайлауға дейін күрт құбылыс болады деп күтпеймін», – деді ол.
Сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасының төмендеуі бюджетке түсетін валюталық түсім көлемін де қысқартады. Өйткені мемлекеттік кірістің елеулі бөлігі мұнай экспортынан түседі.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары жаз мезгілінде халық пен бизнестің шетел валютасына сұранысы дәстүрлі түрде артатынын айтады. Сол уақытта биржаға түсетін валюта көлемі азаяды.
Соған қарамастан, экономистер теңгенің күрт құлдырауын күтпейді. Алайда қазіргі үрдіс сақталса, доллардың 500 теңге шегіне жақындауы барған сайын ықтимал сценарийге айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






