«Қазақмыс» Жезқазған өндірістік алаңын жаңғыртуға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Қазақмыс» компаниялар тобының иесі Нұрлан Артықбаев Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевпен бірге Жезқазған өндірістік алаңының негізгі нысандарын аралап, өндірістің қазіргі жағдайымен және жаңғырту жобаларымен танысты.
Жұмыс сапары кезінде инвестициялық жобаларды іске асыру барысы, өндіріс тиімділігін арттыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту, экологиялық жаңғырту және өндірістік қуатты одан әрі дамыту мәселесі қаралды. Компания үшін Жезқазған алаңы стратегиялық маңызы бар өндірістік хаб саналады. Сондықтан мұндағы технологиялық жаңару тек кәсіпорын жұмысына ғана емес, өңір экономикасына да ықпал ететін маңызды бағыт ретінде бағаланып отыр.
Сапар барысында Жезқазған мыс балқыту зауытына ерекше көңіл бөлінді. Басшылыққа өндірістік қуаттың сенімділігін арттыру бағдарламасы аясында жүріп жатқан күрделі жөндеу және жабдықты жаңғырту жобалары таныстырылды. Негізгі мақсат, өндірістің тұрақтылығын күшейтіп, технологиялық процестің тиімділігін арттыру.
Кәсіпорындарды экологиялық жаңғырту бағыты да басымдыққа ие. Жезқазған мыс балқыту зауытында, «Қазкат» зауытында және Жезқазған байыту фабрикаларының сүзгілеу-кептіру бөлімшелерінде құны шамамен 4 млн АҚШ долларын құрайтын газдандыру жобасы толық аяқталды.
Жоба аясында 20 өндірістік нысан пайдалануға беріліп, негізгі технологиялық жабдық мазуттан табиғи газға көшірілді. Соның нәтижесінде Жезқазған мыс балқыту зауытындағы парниктік газ шығарындылары 11, 79 пайызға төмендеді. Ал сүзгілеу-кептіру бөлімшелеріндегі көрсеткіш шамамен 80 пайызға қысқарды. Жобаның жыл сайынғы экономикалық тиімділігі шамамен 4 млрд теңге деп бағаланып отыр.
Металлургиялық кешенді одан әрі дамытуға арналған перспективалық жобалар да назарға ұсынылды. Соның бірі, құны 200 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы. Жоба іске асқан жағдайда күкірт диоксиді шығарындылары екі еседен астам азайып, өндіріс заманауи экологиялық стандартқа жақындайды.
Тағы бір маңызды бағыт, қуаты 35 МВт болатын газпоршеньді электр станциясын салу. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 24, 8 млн еуроны құрайды. Оны жүзеге асыру кәсіпорынның энергетикалық дербестігін арттырып, жыл сайын шамамен 5, 5 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.
Делегация №1, №2 және №3 Жезқазған байыту фабрикаларына да барды. Онда технологиялық жабдықты жаңарту, шикізатты өңдеу тиімділігін көтеру және өндірістік инфрақұрылымды дамыту мәселесі қаралды. Байыту фабрикаларының жұмысы металлургиялық тізбектегі маңызды буын болғандықтан, мұндағы жаңғырту жалпы өндіріс өнімділігіне тікелей әсер етеді.
Сапар қорытындысында Нұрлан Артықбаев Жезқазған өндірістік алаңын жаңғырту компания дамуының стратегиялық бағыты болып қала беретінін айтты. Оның сөзінше, өндіріс, экология, қауіпсіздік және технологиялық жаңару бағыттарына инвестиция құю алдағы уақытта да жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







