Тарбағатай ауданында белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ауданның құрметті азаматы Аман Кәлетаевтың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ақынның туған жері Ақжар ауылында өткен рухани шара «Қаламгер және қоғам» атты дөңгелек үстелден басталды. Жиынға Астана, Алматы, Семей және Өскеменнен келген ақын-жазушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты. Олар Аман Кәлетаевтың қазақ поэзиясындағы орны, туған жерге арналған лирикасы, азаматтық болмысы мен әдеби мұрасы туралы ой бөлісті.
Шара барысында ақынның 80 жылдығына арнайы шығарылған «Жәннатым – Елім» атты таңдамалы жыр жинағының тұсаукесері өтті. Кітапқа туған ел, өскен орта, адамгершілік, ізгілік және сағыныш сезіміне құрылған өлеңдері енген. Қатысушылар Аман Кәлетаев поэзиясында Тарбағатай табиғаты, елге адалдық және рухани тазалық ерекше көрінетінін атап өтті.
Мерейтой аудандық мәдениет үйінде «Есіне бір түсермін тірілердің…» атты поэтикалық кешпен жалғасты. Кеште ақын туралы түсірілген «Іңкәр үміт» деректі фильмі көрсетіліп, сахналық қойылым ұсынылды. Жыр фестиваліне қатысқан ақындар марапатталды.

Қабанбай батыр атындағы орталық саябақта өткен «Тарбағатайға тағзым» гала-концерті мерейтойдың қорытынды бөлігіне айналды. Сахнада «Мұз-Арт» тобы, Қарагөз Сүлейменова, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Тоқтар Серіков және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.
Аман Кәлетаевтың 80 жылдығына арналған шара туған жердің ақын рухына тағзымы әрі Тарбағатайдың әдеби-мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







