Қазақстанда алғаш рет әкімшілік амнистия жүргізіліп, 1 миллионнан астам іс бойынша шамамен 23 миллиард теңге айыппұл есептен шығарылуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, әкімшілік амнистия ел тәжірибесінде бұрын қолданылмаған жаңа құқықтық тетік саналады. Заңда мұндай мүмкіндік болғанымен, іс жүзінде алғаш рет іске асырылғалы отыр. Құжатпен жұмыс Президент тапсырмасынан кейін басталған.
Депутаттың мәліметінше, амнистия 100 мыңнан астам адамға, 1 миллионнан көп әкімшілік іске және 23 миллиард теңгеге жуық айыппұлға қатысты болады. Соның 17 миллиард теңгесі Ішкі істер министрлігі салған айыппұлдарға тиесілі. Қалғаны Төтенше жағдайлар министрлігі, әкімдіктер және өзге де мемлекеттік органдар шығарған әкімшілік жазаларға байланысты.
Амнистияға негізінен жылдар бойы жиналып қалған жеңіл құқық бұзушылықтар кіреді. ІІМ бойынша ең көп тараған айыппұлдар қатарында қоғамдық орында ішімдік ішу немесе мас күйінде жүру бар. Мұндай айыппұл саны 200 мыңға жуықтаған. Сонымен бірге тыныштықты бұзу, жол белгілері мен жол таңбасын сақтамау секілді құқық бұзушылықтар да қарастырылмақ.
Алайда қауіпті заң бұзушылықтарға рақымшылық жасалмайды. Жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, көлікті мас күйінде басқару, сондай-ақ адам өліміне немесе денсаулыққа зиян келтіруге себеп болған жол-көлік оқиғалары амнистияға кірмейді.
Сот салған айыппұлдар да есептен шығарылмайды. Себебі мұндай істер әдетте ауырлау құқық бұзушылықтарға қатысты қаралады. Сонымен қатар медицина, санитарлық қауіпсіздік, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы әкімшілік жазалар да амнистиядан тыс қалады.
Снежанна Имашева айыппұлдар азаматтардың өтінішінсіз, автоматты түрде есептен шығарылатынын айтты. Оның сөзінше, адамдарды мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздыруға мәжбүрлемеу керек. Депутаттар осы процесті толық автоматтандыруды ұсынған.
Егер айыппұл мәжбүрлеп орындатуға берілген болса, жеке сот орындаушылары амнистия туралы заң негізінде атқарушылық іс жүргізуді тоқтатуға тиіс. Азаматтарға тиісті хабарлама жіберіледі.
Осылайша алғашқы әкімшілік амнистия азаматтардың ескі әрі жеңіл айыппұл жүгін азайтуға бағытталып отыр. Бірақ мемлекет қоғамға қауіпті құқық бұзушылықтарға қатысты жауапкершілікті жұмсартпайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







