Қазақстанды «айыппұлстан» деп атау шындыққа сай келмейді. Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, елдегі әкімшілік айыппұл көлемі де, саны да өзге мемлекеттермен салыстырғанда шамадан тыс көп емес. Оның пікірінше, айыппұлдың мақсаты азаматты жазалау емес, қоғамда тәртіп орнату және құқық бұзушылықтың алдын алу, деп жазады Ertenmedia.kz.
Депутат Қазақстандағы әкімшілік санкциялар үнемі талданып отыратынын айтты. Егер белгілі бір құқық бұзушылық азайса, айыппұл мөлшері төмендетілуі мүмкін. Ал заң бұзу көбейсе, жауапкершілік күшейтіледі. Яғни айыппұл жүйесі жазалау құралы емес, мінез-құлықты өзгертуге арналған құқықтық тетік ретінде қаралады.
Имашева өзге елдердегі тәжірибені де мысалға келтірді. Оның айтуынша, Сингапурда қоғамдық орында түкірген адамға 1 мың сингапур доллары көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Германияда да тәртіпке қатысты талап қатаң. Скандинавия елдерінде, соның ішінде Швеция мен Финляндияда, сондай-ақ Австралияда айыппұл кей жағдайда адамның табысына қарай есептеледі және Қазақстандағы мөлшерден әлдеқайда жоғары болуы ықтимал.
Депутат қауіпсіздік белдігін тағуға қатысты талапты да мысал етті. Оның сөзінше, айыппұл енгізілмегенде, көп адам белдік тағуға әдеттенбес еді. Уақыт өте келе санкция азаматтардың жолдағы жауапкершілігін арттырып, қоғамдық дағдыны өзгерткен.
Сондай-ақ ол санитарлық құқық бұзушылықтар бойынша бұрын айыппұл 10 айлық есептік көрсеткіш болғанын еске салды. Алайда жаппай улану оқиғаларынан кейін жауапкершілік күшейтілген. Кейін бұл шара нәтиже берген соң, айыппұл қайта төмендетілген.
Имашеваның айтуынша, әкімшілік жаза нақты құқық бұзушылық болғанда ғана қолданылады. Сондықтан азамат заңды сақтаса, ешқандай айыппұл төлемейді.
«Заң бұзбаңыз, сонда жаза да болмайды», деді депутат. Осылайша Мәжіліс өкілі айыппұл жүйесін қоғамды қысымда ұстау құралы емес, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін механизм ретінде түсіндірді. Оның пікірінше, мемлекет үшін басты мақсат айыппұл жинау емес, азаматтардың жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







