Қазақстанның мемлекеттік театрлары биылғы маусымда репертуарын жаңартып, көрерменге 410 жаңа қойылым мен мәдени бағдарлама ұсынды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Еліміздегі театр маусымы драма, опера, балет, музыкалық комедия, қуыршақ театры, балалар мен жасөспірімдерге арналған спектакльдерді қамтыды. Маусым басталғалы мемлекеттік театр сахналарында 16 мыңнан астам спектакль мен мәдени бағдарлама көрсетілді. Оларды 2 832 835 көрермен тамашалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнерді дамытуға, ұлттық болмысты нығайтуға және шығармашылық ұжымдарды қолдауға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына «Ұлттық» мәртебе беру туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына «Академиялық» мәртебе беру жөніндегі бастама қолдау тапты.
Театр мәртебесін арттырумен қатар, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы да жүріп жатыр. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ғимараттарына қайта жаңғырту жүргізілуде.
Қазір Қазақстанда түрлі бағыттағы 59 мемлекеттік театр жұмыс істейді. Олардың қатарында опера, балет, драма, музыкалық комедия, қуыршақ, балалар және жасөспірімдер театрлары бар. Салада 8,1 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Қазақстан сахнасында 410 қойылым ұсынылды
Биылғы маусымның елеулі премьералары қатарында «Астана Опера» театрындағы «Қыпшақ қызы Аппақ» операсы, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрындағы «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы бар. «Астана Балет» театры «Carmina Burana» балетін, сондай-ақ «Қарлығаш» және «Болеро Х» хореографиялық миниатюраларын сахналады.
Жаңа қойылымдар драма және музыкалық комедия театрларында да көрерменге жол тартты. Ғабит Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Гамлет» пен «Қорғансыз» спектакльдерінің премьерасы өтті.
Құддыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрында «Ревизор», Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрында «Женитьба», Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрында «Махаббат бәрін жеңеді» қойылымдары ұсынылды.
Маусым соңына дейін тағы бірнеше премьера жоспарланған. 26 маусымда «Астана Балет» театры «Алтын гүл» балетін сахналайды. 27 маусымда Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармасы негізінде қойылған «Қан мен тер» спектаклінің премьерасы өтеді.
Осылайша мемлекеттік театрлар жаңа маусымда ұлттық классика, әлемдік драматургия және заманауи сахналық ізденісті қатар дамытып, көрерменге мазмұны бай мәдени бағдарлама ұсынды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







