Жетісу облысы құрылғаннан бері Көксу ауданында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 40 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы облыс әкімінің аудан халқымен кездесуі кезінде айтылды. Соңғы жылдары Көксу ауданында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Аталған кезеңде 14 жаңа медициналық нысан салынып, 2 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді.
Кадр тапшылығын азайту үшін медицина қызметкерлерін қолдау шаралары да күшейтілді. Соның нәтижесінде соңғы 4 жылда Көксу ауданына 83 дәрігер келген. Қазіргі таңда ауданда дәрігер тапшылығы негізінен шешілген. Әзірге тек 2 акушер-гинеколог маман қажет.
Зылиқа Тамшыбай ауылында еңбек ететін жалпы тәжірибелік дәрігер Мөлдір Шынжырбай ауыл медицинасына жасалған жағдай қызмет сапасына тікелей әсер етіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, амбулатория Зылиқа Тамшыбай, Кеңарал және Бесқайнар ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетеді.

«Амбулаторияда акушер, физиотерапия, процедуралық кабинеттер, күндізгі стационар және зертхана бар. Жедел жәрдем көлігі де қызмет көрсетеді. Күніне орта есеппен 25-30 науқасты қабылдаймыз. Түстен кейін үй аралаймыз. Орта есеппен күніне 8 үйге барамыз. Көбіне қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар және балалар қаралады. Жөндеу жұмыстары медициналық қызмет сапасын арттыруға үлкен ықпал етті. Мұнда пациенттерге де, дәрігерлерге де қолайлы жағдай жасалған», деді Мөлдір Шынжырбай.
Жергілікті тұрғындар да ауылдағы амбулаторияның жаңарғанын оң бағалап отыр. Зылиқа Тамшыбай ауылының тұрғыны Мырзагелді Қожабергеновтің айтуынша, медициналық нысан 90-жылдары салынған. Уақыт өте ғимарат ескіріп, қазіргі талапқа сай болмай қалған.
«Бұрын талдау тапсыру үшін аудан орталығына баратынбыз. Күрделі жөндеуден кейін барлық жағдай жасалды. Амбулатория жарық, ыңғайлы әрі заманауи болды. Зейнет жасына жеткен мамандардың ісін жас дәрігерлер жалғастырып отыр. Олар өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды, науқастарға құрмет көрсетеді», деді ауыл тұрғыны.
Көксу ауданындағы денсаулық сақтау саласына жасалған қолдау ауыл тұрғындарына медициналық көмекті жақын жерден әрі сапалы алуға мүмкіндік беріп отыр. Жаңа нысандар, жөнделген амбулаториялар және дәрігерлерге берілген тұрғын үй ауыл медицинасын күшейтуге бағытталған нақты қадамға айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







