Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддер қаласына жұмыс сапары кезінде «Казцинк» компаниясына қарасты Долинный кенішіндегі өндіріс барысымен танысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысы кеніштің жер асты жұмыстарын көріп, өндірістік процестің ұйымдастырылуымен және кеншілердің еңбек жағдайымен танысты. Сапар барысында кәсіпорындағы қауіпсіздік жүйесі, цифрлық бақылау тетіктері және заманауи технологиялар таныстырылды.
Долинный кеніші 2017 жылы пайдалануға берілген. Бір жылдан кейін алғашқы өнеркәсіптік өнім Риддер байыту фабрикасында өңделді. Қазір кеніштің өндірістік қуаты жылына 1 миллион тоннаға дейін кен өндіруге мүмкіндік береді.
Кәсіпорында кенді шахтадан жер бетіне тасымалдауға арналған канадалық Rail-Veyor көлік жүйесі қолданылады. Ұзындығы шамамен 6 шақырым болатын бағытта 5 автоматтандырылған құрам тәулік бойы жұмыс істейді. Мұндай жүйе өндіріс өнімділігін арттырып, кен тасымалын тұрақты жүргізуге жағдай жасап отыр.

«Кеншілермен кездесіп, олардың еңбек жағдайымен таныстым. Өндіріс орнында қауіпсіздік талаптарына ерекше мән берілген. Тиеу техникасын қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін заманауи әдістер қолданылады. Оператор техниканы қауіпсіз қашықтықтан басқара алады. Арнайы датчиктер қауіпті аймақта адам пайда болғанын анықтаса, жабдық жұмысы автоматты түрде тоқтайды», деді облыс әкімі.
Долинный кен орнын игеру кезеңі 2029 жылға дейін жоспарланған. Жалпы қоры 8,4 миллион тонна болса, қалған қоры 2 миллион тонна шамасында. Қосымша барлау жүргізіліп, экономикалық тиімділігі расталған жағдайда қалған қорлар да өндіріске тартылуы мүмкін.
Алдағы уақытта Обручевское кен орнына өту жоспарланған. Оның игеру кезеңі 2028-2036 жылдарға белгіленген. Кен орнының қоры 5,7 миллион тоннаны құрайды.

📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







