Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге ресми сапары барысында Бельгияда білім алып, жұмыс істеп жүрген қазақстандықтармен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы отандастармен әңгіме барысында оларды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Президенттің айтуынша, жалпыхалықтық референдумда ел азаматтары Ата заңды біртұтас қоғам ретінде қолдады.
– Өте керемет құжат, 1 шілдеде күшіне енеді. Ата заңымыз халқымыздың темірқазығы болады. Сондықтан баршаңызды шын жүректен жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу кезінде Президент шетелде білім алып, еңбек етіп жүрген жастарға қолдау білдірді. Оның сөзінше, Қазақстанға білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жас буын қажет. Мемлекет басшысы жастарға қолдау көрсету елдің ұзақмерзімді саясатының маңызды бөлігі екенін атап өтті.
– Жастарымыз әлемнің әр түкпірінде білім алып, еңбек етуде. Мен Президент ретінде мұны қолдаймын. Себебі қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз. Біз озық, дамыған, әділетті ел болуымыз керек. Осындай елдің негізін қалау үшін бәріміз бір ел, бір халық болып атсалысуымыз керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Негізгі заңда білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде белгіленгенін айтты. Сонымен қатар шетелде жүрген жастарды бірнеше тіл меңгеруге, алған білімін ел игілігіне жұмсауға шақырды.
Кездесуде қазақстандық студенттер мен мамандар оқу, жұмыс және қоғамдық бастамалары туралы айтып берді. KU Leuven университетінің 3 курс студенті Әлім-Сері Махамбәтәлі Бельгиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығының қызметін таныстырды. Аружан Болатбекова Брюссельдегі Kazakh Speaking Club жұмысы туралы баяндады.
Президент Бельгияда тұратын студенттер мен Қазақстан азаматтарына табыс тілеп, елмен байланысты үзбеудің маңызды екенін жеткізді. Кездесу шетелдегі қазақстандық жастардың әлеуетін қолдауға және оларды елдің жаңару үдерісіне тартуға бағытталған мазмұнды жүздесу болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







