Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында 27 маусым күні көпшілік асыға күтетін «Қымызмұрындық – 2026» мерекесі өтеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Todayinfo ақпарат агенттігінің мәліметінше, биылғы ауқымды шара абыз баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен қатар ұйымдастырылады. Мерекеге Қазақстанның әр өңірінен және Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қытай, Түркменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан Республикасы мен өзге мемлекеттерден 35 мыңға жуық қонақ келеді деп жоспарланып отыр.
Қымызмұрындық қазақ халқының көне дәстүрі саналады. Ел ішінде бұл мереке қымыздың алғашқы ашытылған кезімен, жазғы жайлаудың берекесімен және ағайынның бас қосуымен байланыстырылады. Дәстүрдің негізгі мәні қонақжайлықты, жомарттықты, ынтымақ пен бірлікті дәріптеуде жатыр.
Қарқара жайлауында Қымызмұрындық мерекесі бұған дейін төрт рет өткізілген. Өткен жылы шараға 8 мыңнан астам адам қатысып, 40 киіз үй тігілді. Сонымен қатар 250-ге жуық шағын бизнес өкілі тартылды. Биыл мерекенің ауқымы кеңейіп, 80-нен астам киіз үй тігіледі. Ұйымдастырушылар келушілер саны бірнеше есеге артады деп күтеді.
«Қымызмұрындық – 2026» мәдени-көпшілік және спорттық бағдарламасы ұлттық дәстүрді, этномәдени мұраны және қазақы болмысты кеңінен танытуға бағытталған. Шара аясында қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар өтеді.
Қонақтар ат бәйгесі, қазақ күресі, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, қой көтеру сынды сайыстарды тамашалай алады. Сонымен бірге «Топжарған» этно-өнер орталығының шоу бағдарламасы, «Толағай» өнер орталығының қойылымдары, облыс өнерпаздары мен танымал эстрада жұлдыздарының концерті ұсынылады.
Жастар үшін алтыбақан, арқан тартыс, қол күрес және басқа да ұлттық ойындар өткізіледі. Балаларға арналған арнайы аймақта аттракциондар, қуыршақ театры, қолөнер, сурет салу, шахмат және тоғызқұмалақ жарыстары ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда Қарқара жайлауында дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ұйымдастырушылар бәйге алаңын ретке келтіріп, көрермендерге арналған орындарды әзірлеген. Қонақтарға қолайлы жағдай жасау үшін инфрақұрылым, қауіпсіздік және қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар жоспарға сай атқарылуда.
«Қымызмұрындық – 2026» мерекесі ұлттық дәстүрді ұлықтап қана қоймай, Кеген ауданының туристік әлеуетін арттыратын маңызды мәдени оқиғаға айналмақ. Қарқара жайлауындағы кең ауқымды басқосу өңірдің табиғатын, қонақжайлығын және қазақы рухын танытатын үлкен этнотуристік алаң болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







