Астанада «Құрылтай феномені» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылды. Кітап қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде жарық көрген, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғылыми еңбекті Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Ұлы Дала тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы әзірледі. Кітап «Құрылтай – мемлекеттік институт тұғыры» жобасы аясында дайындалған.
Еңбек авторлары мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Омархан Оксікбаев және шығыстанушы ғалым Оразбай Жұманұлы.
Тұсаукесерге мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шарада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылды. Онда ұлттық тарихты жаңа ғылыми көзқараспен зерттеу маңызды екені айтылған.
Құттықтау хатта «Құрылтай феномені» қазақ халқының саяси мәдениеті мен мемлекеттік басқару дәстүрін тануға жол ашатын құнды зерттеу ретінде бағаланды. Тұсаукесерді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова жүргізді. Ол кітап Ұлы Дала өркениетіндегі Құрылтай институтын терең зерделеуге арналғанын айтты.
Жиында академик Оразалы Сәбден, профессор Әділ Ахметов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов пен Серік Ақымбеков сөз сөйледі.
Сондай-ақ Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев пен Еуразия ұлттық университетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы пікір білдірді. Қатысушылар Құрылтай институтының қазақ қоғамындағы тарихи рөліне тоқталды. Олар дәстүр мен мемлекеттік басқару сабақтастығын зерттеудің маңызын атап өтті.
Ғалымдар кітап авторларының еңбегіне жоғары баға берді. Олардың айтуынша, зерттеуде тарихи дерек, шығыстық жазба мұра және мемлекеттік басқару дәстүрі жүйелі қамтылған.
Рәсім соңында авторлар «Құрылтай феномені» кітабының бірнеше данасын Ұлттық академиялық кітапхана қорына табыстады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







