Алматы облысында Мемлекеттік қызметшілер күніне орай өңір қызметкерлері марапатталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кәсіби мерекеге арналған негізгі шара Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев саябағында өтті. Жиында халыққа қызмет етіп, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға үлес қосып жүрген үздік мамандарға құрмет көрсетілді.
Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Ол мемлекеттік қызмет ел тұрақтылығы мен дамуының маңызды тірегі екенін айтты. Өңір басшысы сала мамандарының күнделікті еңбегі қоғам үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.
– Мемлекеттік қызметшінің ең үлкен марапаты жоғары шен немесе лауазым емес. Ол халықтың алғысы мен шынайы сенімі. Әрбір шешімнің, әрбір ресми хаттың артында қарапайым адамдардың тағдыры, мемлекеттің беделі тұрғанын ұмытпау керек, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімінің айтуынша, қазір Алматы облысында мемлекеттік қызмет саласында 4 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның 2,5 мыңға жуығы жергілікті атқарушы органдарда тұрғындармен тікелей жұмыс істейді.
Саладағы қызметкерлердің 52 пайызы әйелдер. Ал 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 40 пайызды құрайды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте түрлі этнос өкілдері еңбек етіп, қоғамдық келісім мен бірліктің үлгісін көрсетіп жүр.
Мамандардың кәсіби деңгейі де артып келеді. Облыстың мемлекеттік қызмет жүйесінде магистратура мен докторантура бітірген 182 маман бар. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 11 түлегі және «Болашақ» бағдарламасымен білім алған 7 түлек те осы салада қызмет атқарады.
Өңірде мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған. «Алатау жастары» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген ипотека беру, басқа өңірден келген мамандарға тұрғын үй төлемдерін ұсыну сияқты бастамалар қолға алынған.
Салтанатты рәсімде жауапкершілік пен кәсібилік танытқан мамандар «Үздік мемлекеттік қызметші», «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Бірқатар қызметкерге Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.
Марапат иелерінің бірі, облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы Гүлнар Жорабаева мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, Алматы облысы қайта құрылғаннан кейін Қонаевқа алғашқылардың бірі болып келіп, жаңа өңірдің қалыптасуына үлес қосқан.
– Бүгінгі марапат еңбегіме берілген лайықты баға деп есептеймін. Біз халыққа қолайлы жағдай жасауға және Президент саясатын жүзеге асыруға күш салып келеміз. Облыстың күн сайын көркейіп келе жатқанына куә болып отырмыз, – деді Гүлнар Жорабаева.
Мерекелік шарада театрландырылған қойылым ұсынылды. Кәсіби мереке сахна жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







