S&P Global Ratings агенттігі Freedom Holding Corp. құрамына кіретін бірқатар компанияның ұзақ мерзімді рейтингін «В+» деңгейінен «ВВ-» деңгейіне дейін көтерді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Рейтингтері көтерілген компаниялар қатарында «Фридом Финанс» АҚ, Freedom Finance Global, Freedom Finance Europe және «Фридом Банк Қазақстан» АҚ бар. Агенттік олардың қысқа мерзімді рейтингін «В» деңгейінде растады. Болжам «Тұрақты» деп белгіленді.
Сонымен қатар «Фридом Финанс» АҚ мен «Фридом Банк Қазақстан» АҚ-ның қазақстандық ұлттық шкала бойынша рейтингтері «kzBBB+» деңгейінен «kzA-» деңгейіне дейін көтерілді. Ал Freedom Holding Corp. холдингінің ұзақ мерзімді несиелік рейтингі «B-» деңгейінде сақталды.
S&P Global Ratings бағалауынша, рейтингтердің көтерілуі Freedom тобының тәуекелдерді басқару және комплаенс жүйесін күшейту бағытындағы жұмысымен байланысты. Агенттік топтың соңғы үш жылда осы бағытта тұрақты тәжірибе қалыптастырғанын атап өтті.
Freedom тобы деңгейінде тәуекелдерді бақылау жүйесі кеңейген. Ол санкциялық талаптарды сақтау, киберқауіпсіздік, репутациялық тәуекел, реттеушілік талаптар және криптовалютаға қатысты қауіптер сияқты бағыттарды қамтиды. Мұндай тәуекелдер қазір әлемдік қаржы нарығында барған сайын маңызды бола түсті.
Еншілес компаниялар ішкі саясаттарын топтық тәуекелдерді басқару және комплаенс талаптарына сәйкестендіріп жатыр. Холдинг жыл сайын тәуекелдерді жаһандық деңгейде бағалайды. Жылына екі рет стресс-тестілеу жүргізеді. Сондай-ақ ықтимал қауіптерді азайту бойынша жоспар әзірлейді.
Технологияға негізделген компания ретінде Freedom ақпараттық жүйелер мен ақпараттық қауіпсіздікке ерекше мән береді. Тәуекелдерді басқару және комплаенс жүйесі қаржылық компанияларда ғана емес, қаржылық емес бағыттарда да қолданылады. Жаңа құрылған немесе сатып алынған еншілес ұйымдарға да бұл талаптар енгізіліп отырады.
Топ 22 елде жұмыс істейді және 40-тан астам реттеуші органмен өзара әрекет етеді. S&P пікірінше, қағидаттарға және тәуекелге негізделген комплаенс жүйесі Freedom тобына санкциялық талаптар мен ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл бағытындағы тәуекелдерді тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Агенттік алдағы 1-2 жылда топ капиталдандырудың жоғары деңгейін сақтайды деп күтеді. Бұл ретте Freedom телекоммуникация және лайфстайл-бизнеске инвестиция салуды жалғастырып отыр. S&P базалық сценарийінде топтың тәуекелдерді ескере отырып түзетілген капитал коэффициенті 10 пайыздан жоғары деңгейде қалады деп болжанды.
Freedom экожүйесіне сенім артты
Агенттік мұны баланс өсімінің жоспарлы түрде 20-25 пайызға дейін баяулауымен, қаржылық еншілес компаниялардың жоғары пайдасымен және акционерлік капиталға жоспарланған құйылыммен байланыстырады.
S&P Global Ratings Freedom тобының табыс көрсеткіштерін әлі де жоғары деп бағалайды. Агенттік мәліметінше, 2024 жылғы наурыздан 2026 жылғы наурызға дейінгі үш жылда негізгі қызметтен түскен орташа пайданың тәуекел деңгейі ескерілген активтерге қатынасы шамамен 2,2 пайыз болды. Бұл халықаралық өлшем бойынша жоғары көрсеткіш саналады.
Агенттік Freedom тобы Қазақстандағы жетекші цифрлық финтех-экожүйелердің біріне айналғанын да атап өтті. Freedom Holding Corp. құрамына кіретін компаниялар клиенттерінің жалпы саны 8,1 миллионға жетті. Экожүйе ішіндегі серіктес компаниялардың пайдаланушыларын қоса есептегенде, жалпы клиенттік база 14 миллионнан асады.
Рейтингтің көтерілуі Freedom тобы үшін қаржы нарығындағы сенім көрсеткішін күшейтетін маңызды белгі. Мұндай шешім компанияның тәуекелдерді басқару жүйесі, капитал тұрақтылығы және цифрлық экожүйе ретінде өсу бағыты халықаралық деңгейде оң бағаланып отырғанын көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







