Алматыда этномәдени бірлестік өкілдеріне жаңа Конституцияның арнайы басылымдары табысталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енеді. Осы тарихи дата қарсаңында Алматы қаласында арнайы іс-шара өтті. Оған ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.
Жиында этномәдени бірлестік өкілдеріне Мемлекет басшысы жолдаған жаңа Конституцияның арнайы басылымдары берілді. Әр қатысушыға Президенттің хаты мен Ата заңның жаңа нұсқасы табысталды.
Президент өз хатында ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірген. Мемлекет басшысы Конституцияда бекітілген құндылықтар ел игілігін арттырып, қоғамның тұрақты дамуына жол ашатынына сенім білдірді.
Аида Балаева өз сөзінде жаңа Конституция Қазақстан қоғамының іргелі құндылықтарын айқындайтынын айтты. Оның сөзінше, құжаттың преамбуласында Әділетті Қазақстан идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, адам құқығы, азамат бостандығы, ел бірлігі және қоғамдық ынтымақ сияқты маңызды ұстанымдар көрініс тапқан.
Министр этносаралық және конфессияаралық келісім Қазақстан үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бейбітшілік, сыйластық және қоғамдық сенім орнықты дамудың берік негізі болуы керек.
Жаңа Конституция мемлекеттік институттарға ғана емес, әр азаматқа да арналған. Ол адал еңбегімен, белсенді қоғамдық қызметімен ел бірлігін нығайтып жүрген қауымға ортақ құжат ретінде қарастырылады.
Аида Балаева Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуына да тоқталды. Бұл консультативтік-кеңесші институттың үштен бір бөлігін этномәдени бірлестік мүшелері құрайды. Қалған орындар коммерциялық емес ұйымдар мен мәслихат өкілдері арасында теңгерімді түрде бөлінеді.
Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесі халық үніне құлақ асатын жаңа қоғамдық диалог алаңына айналмақ. Ол Әділетті мемлекет қағидаттарына сүйеніп, қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтуге бағытталады.
Еске сала кетейік, 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа редакцияда Әділетті Қазақстан құндылықтары мен «Заң мен тәртіп» қағидаты бекітілді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктері күшейтілді.
Құжаттағы басты жаңалықтардың бірі бір палаталы Парламент, яғни Құрылтай және Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы болып отыр. Жаңа Конституция елдің саяси және қоғамдық дамуы үшін жаңа кезеңнің құқықтық негізін қалыптастырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







