Қонаев қаласында күрделі жаңғыртудан өткен «Қапшағай» теміржол вокзалы ресми түрде қолданысқа берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Енді қала тұрғындары мен қонақтары заманауи талапқа сай жаңартылған вокзал қызметін пайдалана алады. Жарты ғасырдан астам тарихы бар нысан 1970 жылдары салынған. Осы уақытқа дейін вокзал тек бір рет күрделі жөндеуден өткен еді.
Ауқымды жаңғырту жұмыстары 2025 жылы басталды. Жобаның тапсырыс берушісі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ болды. Жөндеу барысында вокзал ғимараты кеңейтіліп, жолаушыларға арналған жағдай жақсартылды.
Жаңартылған нысанның ашылу салтанатына Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қатысып, вокзалдың қызыл лентасын қиды. Қала басшысы вокзалды жаңғырту тұрғындардың жайлылығы мен Қонаевтың дамуына бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба екенін айтты.
«Қонаевқа келген әрбір қонақтың қала туралы алғашқы әсері осы вокзалдан басталады. Сондықтан оның заман талабына сай болуы өте маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен жүзеге асқан жоба өңірдің көлік әлеуетін арттыруға жаңа серпін береді», деді Асхат Бердіханов.

Сонымен қатар инженерлік желілер ауыстырылып, вокзал аумағы заман талабына сай жарықтандырылды. Мұндай өзгерістер жолаушылардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда сапарға шығуына мүмкіндік береді.
Қазір вокзал күніне 5-6 жолаушылар пойызын қабылдайды. Жалпы «Қапшағай» станциясы арқылы 20-дан астам пойыз бағыты өтеді. Жуық арада Алакөлге қатынайтын бағыт ашылуы мүмкін.
Алдағы уақытта теміржол көпірін жөндеу жұмыстары да жоспарланып отыр. Бұл қала тұрғындары мен туристер үшін қатынастың қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыра түседі.
Жаңартылған вокзал Қонаевтың көлік инфрақұрылымын күшейтіп қана қоймай, облыс орталығының туристік және экономикалық әлеуетін дамытуға да қызмет етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







