Kaspi.kz Kaspi Магазиндегі жаңа AI-көмекші Kasper-ді таныстырды. Алматыда өткен таныстырылымда Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе клиенттерге арналған жаңа сервисті көпшілікке ұсынды. Іс-шара «Қалыптан шығу уақыты келді!» ұранымен өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Kasper – Kaspi.kz инновацияларының жаңа кезеңі ретінде сипатталды. Жаңа AI-көмекші Kaspi Магазинде тауар таңдауды жеңілдетуге арналған. Ол клиенттің сұранысын түсінеді, нақтылайтын сұрақтар қояды, тауарларды салыстырады және күрделі техникалық терминдерді қарапайым тілмен түсіндіреді.
Бұған дейін клиенттер тауарды кілт сөз арқылы іздеп, сипаттамасын оқып, пікірлер мен рейтингтерді салыстырып, көптеген нұсқаның ішінен өзіне керегін таңдауы керек еді. Енді қолданушы өзіне не қажет екенін қарапайым сөзбен жазса немесе дауыспен айтса жеткілікті. Kasper сол сұранысқа сай бірнеше нұсқа ұсынып, олардың айырмашылығын түсіндіреді.
Мысалы, клиент «пәтерге шаңсорғыш таңдауға көмектесші, үйде кілем, плитка және мысық бар» деп сұрай алады. Немесе «жақсы камерасы мен үлкен экраны бар смартфон керек» деп жазады. Осыдан кейін Kasper қажеттілікті нақтылап, лайықты тауарларды салыстырып, қайсысы клиентке көбірек сәйкес келетінін көрсетеді.
Kasper енді тауарды сіздің орныңызға таңдайды
Михаил Ломтадзенің айтуынша, Kaspi.kz үшін инновация бір күндік таңданыс тудыратын технология ғана емес. Нағыз инновация миллиондаған адамға пайда әкеліп, олардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуы керек.
Ол Kaspi Магазин іске қосылған кезде басты мақсат әрбір қазақстандыққа қажет дүниені бір жерден сатып алу мүмкіндігін беру болғанын айтты. Қазір Kaspi Магазинде 106 мың сатушы, 20 миллион тауар, баға, пікір, рейтинг, толық сипаттама және тауар туралы ақпарат бар.
Компания «қайдан сатып алу керек?» деген сұрақты шешкенін атап өтті. Бірақ таңдау мүмкіндігі кеңейген сайын жаңа міндет пайда болды. Енді клиентке көп тауардың ішінен сенімді таңдау жасауға көмектесу қажет.
Михаил Ломтадзенің сөзінше, әр адам әр тауар бойынша сарапшы болуы міндетті емес. Клиент өзіне не керегін түсіндірсе, Kasper салыстырып, түсіндіріп, ең қолайлы нұсқаны табуға көмектеседі.
Kasper – Kaspi.kz-тің ең үлкен AI жобасы
Kaspi.kz Kasper-ді әрбір қазақстандыққа арналған жеке AI-көмекші құру жолындағы алғашқы қадам деп бағалап отыр. Компания болашақта мұндай көмекші күнделікті түрлі міндетті шешуге көмектесетін сервиске айналады деп жоспарлайды.
Kasper қазақ және орыс тілдерінде сөйлесе алады. Оған сұрақты мәтінмен де, дауыспен де қоюға болады.
Шілде айында жаңа сервис алдымен Алматы қаласындағы клиенттерге қолжетімді болады. Кейін Kasper біртіндеп бүкіл Қазақстан бойынша іске қосылады.
Kaspi.kz миссиясы клиенттері мен серіктестерінің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен сервистер жасауға бағытталған. Компания сервистерін Қазақстан мен Түркияда 25 миллионнан астам клиент және 900 мың серіктес пайдаланады.
Қазақстанда Kaspi.kz суперқосымшасы төлемдер, электрондық коммерция, онлайн-супермаркет, финтех, саяхат, хабарландырулар, мемлекеттік қызметтер және күнделікті басқа да сервистерді біріктіреді. Түркияда Kaspi.kz елдегі жетекші электрондық коммерция платформаларының бірі Hepsiburada-ға иелік етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







