Талдықорғанда Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай «Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның берік негізі» атты ауқымды конференция өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға қоғам қайраткерлері, ғылым және білім саласының өкілдері, заңгерлер, азаматтық сектор белсенділері мен жастар қатысты. Конференцияда жаңа Ата заңның саяси және құқықтық реформалардың берік іргетасы ретіндегі маңызы талқыланды.
Іс-шараға Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов модераторлық етті. Ол конференцияны ашып, қатысушыларды ел өміріндегі маңызды тарихи кезеңмен құттықтады. Оның айтуынша, жаңартылған Конституцияның күшіне енуі әр азамат үшін айрықша мәнге ие оқиға.
Диас Есдәулетов жаңа Конституция қоғамның әділеттілікке, ашықтыққа және тең мүмкіндікке деген сұранысын көрсететінін атап өтті. Құжаттың негізінде заң үстемдігі, адам құқықтарын құрметтеу, биліктің жауапкершілігі, ұрпақтар сабақтастығы және қоғам бірлігі сияқты маңызды қағидаттар жатыр.
Оның сөзінше, әділетті мемлекет қарапайым әрі түсінікті ұстанымнан басталады. Әр азамат тұрғылықты жеріне, мамандығына, жасына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан өзін заңның қорғауында сезінуі керек. Сонымен бірге өз әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік алуы тиіс.
Жаңа Конституция әр азамат үшін
Жаңа Конституцияны әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды пысықтаған Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысына Жетісу облысы атынан облыстық мәслихат төрағасы Гүлнәр Тойлыбаева қатысқан. Конференцияда сөз сөйлеген Гүлнәр Қожагелдіқызы Мемлекет басшысының заң шығарушы органның жоғары миссиясына ерекше мән бергенін айтты.
Ол Конституцияда әділеттілік, «Заң мен тәртіп», табиғатқа ұқыпты қарау сияқты жаңа құндылықтар бекітілгенін атап өтті. Оның пікірінше, мемлекеттік органдар шешім қабылдағанда тек бүгінгі міндеттерді емес, қоғамның ұзақ мерзімді мүддесін де ескеруі қажет.

Конференция қатысушыларына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, «Жетісу облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Дания Қыдырбаева бейнеүндеу жолдады. Ол жаңа Конституция азаматтық қоғамды дамытуға тың мүмкіндік ашатынын жеткізді.
Жиында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әсет Қыдырманов, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Бөрібаев, облыс прокурорының орынбасары Бірлік Ізбасаров, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жетісу облысы бойынша өкілі Қанат Қарымсақов және басқа да спикерлер сөз сөйледі.
Талқылау барысында теңдік, инклюзия, құқықтық мәдениет, қоғамдық диалог, цифрлық құқықтар және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері қозғалды. Қатысушылар қазіргі мемлекет барша азаматқа ыңғайлы, ашық әрі әділетті болуы керек деген ортақ ой айтты.
Жиында айтылған пікірлер бір арнаға тоғысты. Жаңа Конституция күнделікті өмірде нақты жұмыс істеуі тиіс. Ол тек заңгерлерге, мемлекеттік қызметшілерге немесе депутаттарға ғана емес, әр азаматқа қатысты құжат.
Конференция соңында Диас Есдәулетов жаңа Конституцияның күшіне енуі құқықтық оқиға ғана емес, қоғамдық жаңғырудың маңызды кезеңі екенін атап өтті. Іс-шара аясында қатысушыларға жаңа Конституцияның арнайы басылымы табысталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







