Халықаралық сарапшылар Қазақстан экономикасының жаһандық баяулау кезеңінде тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Reuters алаңында жарияланған World Impact Media Organization талдауында Қазақстанның экономикалық өсімі орнықты әрі әртараптанып келе жатқаны айтылды. Сарапшылардың бағалауынша, ел инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, шикізат факторларына тәуелділікті біртіндеп азайтып отыр.
Бұл баға әлемдік экономикадағы тұрақсыздық күшейген кезеңде ерекше мәнге ие. Қазір жаһандық өсім баяулап, нарықтар құбылып, сауда ағындары өзгеріп жатыр. Инвестиция үшін бәсеке де күшейді. Осындай жағдайда Қазақстан салыстырмалы түрде тұрақты даму қарқынын сақтап отыр.
Талдауда негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер де келтірілген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсті. 2026 жылдың алғашқы бес айында экономика 3,7 пайызға ұлғайды. Нақты сектордағы өсім 4 пайызды, қызмет көрсету саласындағы өсім 3,6 пайызды құрады.
Өсім бірнеше салада қатар байқалды. Құрылыс 13,4 пайызға артты. Өңдеу өнеркәсібі 9 пайызға өсті. Көлік және қоймалау саласы 8,4 пайызға, сауда 5,6 пайызға ұлғайды. Бұл экономикадағы өсімнің бір ғана секторға байланбай, кең сипат алғанын көрсетеді.
Есепте инвестиция бағытына да ерекше назар аударылған. 2025 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20,5 миллиард долларға жетіп, бір жыл ішінде 14,4 пайызға артты. Инвестициялық ағындар бұрынғыдай тек өндіруші секторға ғана шоғырланбай, жаңа бағыттарға тарала бастаған.
Экономикадағы жаңа баланс
WIMO мәліметінше, 2025 жылы Қазақстандағы greenfield-инвестициялар көлемі 19 миллиард доллар болды. Бұл Орталық Азиядағы осындай инвестициялардың шамамен 89 пайызына тең. Мұндай көрсеткіш Қазақстанның өңірдегі негізгі инвестициялық алаң ретіндегі орнын күшейтеді.
Сарапшылар бұл деректер ел экономикасында маңызды өзгеріс жүріп жатқанын көрсетеді деп санайды. Қазақстан енді тек шикізат есебінен емес, инвестиция, өнеркәсіп, логистика және заманауи қызметтер арқылы өсіп келеді.
Материалда жүргізіліп жатқан реформалардың рөлі де атап өтілген. Олардың қатарында 2030 жылға дейінгі жаңартылған инвестициялық саясат тұжырымдамасы, Инвестициялық штаб тетігі, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бар. Сондай-ақ ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына сүйенетін «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері жеке көрсетілген.
World Impact Media Organization бағалауынша, бұл шаралар инвесторлар үшін тәуекелді азайтып, рәсімдердің ашықтығын арттырады. Сонымен бірге ұзақмерзімді инвестиция салуға қолайлы орта қалыптастырады.
Қазақстан негізгі серіктестермен инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімдер желісін де кеңейтіп жатыр. Мұндай әріптестер қатарында Сингапур, Катар, Қытай және Сауд Арабиясы аталады.
Есепте экономиканы әртараптандыру бағыты негізгі тренд ретінде көрсетілді. Өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тамақ өндірісі, энергетика, көлік және цифрлық инфрақұрылымға салынған инвестициялар жаңа өсу моделінің негізі ретінде қарастырылып отыр.
Ауыл шаруашылығына инвестицияның артуы, тамақ өнеркәсібінің дамуы, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалардың көбеюі Қазақстан экономикасын тұрақты етуге ықпал етеді.
Осылайша, халықаралық сарапшылар Қазақстанның даму моделінде жаңа сапалық өзгеріс қалыптасып келе жатқанын байқап отыр. Елдің өсімі бұрынғыдай тек мұнай мен шикізат бағасына тәуелді емес. Инвестиция, өнеркәсіп, логистика, агроөнеркәсіп кешені және заманауи сервистер экономиканың жаңа тірегіне айнала бастады.
Бұл Қазақстанның халықаралық бизнес үшін сенімді әрі болжамды серіктес ретіндегі беделін күшейтеді. Жаһандық белгісіздік артқан кезеңде тұрақтылық пен ашық инвестициялық саясат елдің басты артықшылықтарының біріне айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







