Қазақстанда балаларға арналған сапалы қазақша контент жетіспейді, ал оның орнын TikTok, YouTube, онлайн ойын мен бақылаусыз қысқа видеолар басып барады. Мәжіліс депутаттары Үкіметке жолдаған сауалында осы мәселені ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі қатер деп бағалады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттардың айтуынша, жазғы демалыс кезінде мәселе тіпті ушыға түседі. Себебі мектеп оқушылары күннің көп бөлігін интернетте өткізеді. Ал балаларға арналған қазақша мультфильм, танымдық жоба, білім платформасы мен ғылыми-көпшілік өнім шетелдік контент ағынымен бәсекелесе алмай отыр.
«Бүгін балаларымыздың санасын мектептен бұрын TikTok тәрбиелеп жатқанын мойындауымыз керек. Жасөспірімдер онлайн ойындар, қысқа видеолар, бақылаусыз контент пен алгоритмдердің ықпалына түсіп жатыр», — делінген депутаттық сауалда.
Мәжілісмендер мұндай ахуал баланың ойлау жүйесіне де әсер ететінін айтады. Олардың пікірінше, үздіксіз қысқа видео көру клиптік ойлауды күшейтіп, ұлттық мәдени кодты әлсіретеді. Соның кесірінен қазақ тіліндегі толыққанды цифрлық орта қалыптастыру қиындай береді.
Депутаттар Үкіметке балалар контентін дамытудың жеке стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Сонымен бірге каникул кезінде интернет қауіпсіздігін күшейтіп, TikTok, YouTube, Instagram секілді платформалардағы зиянды материалды шектеу қажет екенін айтты. Балалар анимациясына, киноға, білім медиажобаларына бөлінетін қаржыны көбейту мәселесі де көтерілді.
Балаева не дейді?
Вице-премьер Аида Балаева жауабында жыл басынан бері интернет платформалардан 27 631 заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеді. Соның ең көбі онлайн казиноға қатысты. Мұндай 13 806 дерек тіркелген. Тағы 7448 материалда есірткі насихаты болған. 6034 материал порнографиялық мазмұнға жатқызылған.
Бұдан бөлек, мамандар суицидті насихаттайтын 172 жарияланым және кәмелетке толмағандарға зиян келтіруі мүмкін 119 материал тапқан.
Заңбұзушылық ең көп Instagram желісінен анықталған. Онда 9532 дерек тіркелді. «ВКонтакте» желісінде 8503, YouTube-та 3340, Telegram-да 3018, TikTok-та 2820 заңсыз материал табылған. Facebook-тен 269, «Мой мир» желісінен 63, X платформасынан 41, «Одноклассникиден» 25, Threads-тен 20 дерек анықталды.
Үкімет не ұсынбақшы?
Үкімет қазір әлеуметтік желі иелерімен балаларды қорғауға қатысты қосымша шараларды талқылап жатыр. Онлайн ойындардағы қауіп те бөлек қаралуда. Аида Балаева ата-аналар әлеуметтік желілерде баланың қосымшада отыратын уақытын шектей алатынын еске салды. Мысалы, TikTok ережесі 13 жасқа толмаған балалардың платформа қолдануына тыйым салады.
Сонымен бірге Үкімет қазақ тіліндегі контент үлесі өсіп келе жатқанын алға тартты. Ресми дерек бойынша, бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақша контент үлесі 78 пайызға жеткен. Интернет ресурстарда бұл көрсеткіш 60 пайыз шамасында. Отандық телебағдарламалардың 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілде шығады.
«Қазақша контенттің сапасы мен бәсекеге қабілетін арттыруға қатысты бірқатар тапсырма берілген. Отандық кино өнімдерін прокатқа шығару кезінде тілдік норманың сақталуын күшейту, БАҚ-та тіл тазалығы, стиль мәдениеті және тілдік этикет талабына ерекше мән беру көзделіп отыр», — деді осы тұста Балаева.
Вице-премьер мысал ретінде Balapan телеарнасын атады. 2026 жылы арна қосымша қаржы алып, балаларға арналған жаңа жобаларға питчинг өткізбек. Алайда Үкімет қосымша қаржының нақты сомасын ашып айтпады.
Бұдан бөлек, мектептерде цифрлық этика мен қауіпсіздікке арналған сабақ енгізу жоспарланып отыр. Оқушыларға фейк пен манипуляцияны тану, интернеттегі қауіптен сақтану және жасанды интеллектіні қауіпсіз қолдану шегі түсіндіріледі.
Осылайша депутаттар көтерген мәселе бір ғана мультфильм немесе TikTok туралы дау емес. Әңгіме баланың санасын кім, қай тілде және қандай құндылықпен қалыптастырып жатқанына келіп тіреледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







