Қонаев қаласында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік кеш өтті. Іс-шара Б. Соқпақбаев атындағы орталық саябақтың амфитеатрында ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары қазақтың қасиетті аспабы ұлықталған рухани кешке жиналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мерекелік шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысты. Аймақ басшысы домбыраның қазақ мәдениетіндегі орнына тоқталды. Ол домбыра ұлттың жадын, тарихын, мінезін және рухын жеткізетін қастерлі мұра екенін атап өтті.
Кеш барысында елге танымал өнер иелері сахнаға шықты. Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбек күмбірлеген күйімен көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина да мерекелік кештің сәнін арттырды.

Сондай-ақ «Алатау серілері» тобы, «Ақ жауын» камералық оркестрі және Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары өнер көрсетті. Көрермендер ұлттық ән мен күйге толы кешті жылы қабылдады.
Ұлттық домбыра күні қазақтың төл өнерін дәріптейтін маңызды мереке саналады. Домбыра үні халқымыздың қуанышын да, мұңын да, ерлігін де, елдігін де жеткізіп келеді. Сондықтан бұл күн ұлттық болмысты жаңғыртып, жас ұрпаққа рухани тәрбие беретін ерекше датаға айналды.
Қонаевтағы мерекелік кеш ұлттық өнерге деген құрметтің айқын көрінісі болды. Домбыраның күмбірі қала аспанын тербеп, көпшілікке шынайы рухани әсер қалдырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







