Қазақстанда сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасы тағы алты ай өзгермейді. Энергетика министрлігі 2026 жылдың екінші жартыжылдығына қолданыстағы бағаны сақтап қалды. Бір тонна газдың құны қосылған құн салығын есептемегенде 59 722 теңге деңгейінде қалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа шекті баға 2026 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін қолданылады. Шешім Энергетика министрлігінің 2026 жылғы 1 шілдедегі №253-н/қ бұйрығымен бекітілді. Осындай баға 1 қаңтардан 30 маусымға дейін де қолданыста болған.
Белгіленген шек тауар биржаларынан тыс сатылатын сұйытылған мұнай газына қатысты. Отын ішкі нарыққа бекітілген жеткізу жоспары шеңберінде өткізілуге тиіс. Осылайша, газдың шекті көтерме құны кемінде тағы алты ай сақталады.
Алайда министрліктің шешімі автогаздың жанармай құю бекеттеріндегі бағасын толық бекітпейді. Бөлшек құн өңірге, тасымал шығынына және нарық қатысушыларының өзге де шығынына қарай өзгеруі мүмкін. Сондықтан көтерме тарифтің сақталуы бүкіл елдегі бөлшек баға бірдей болады дегенді білдірмейді.
Энергетика министрлігі бұған дейін батыс өңірлердегі автогаз құю бекеттерінде пайда болған кезекке қатысты түсініктеме берген. Отын тапшылығы мен жеткізу тұрақтылығы автогаз нарығындағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Көтерме бағаны бұрынғы деңгейде қалдыру нарықтағы жағдайға ықпал ететін тетіктердің бірі саналады.
Қазақстан Орынбор газ өңдеу зауытындағы шектеулерден кейін Қарашығанақ кен орнында газ өндіру көлемін азайтқаны да хабарланған еді. Қалыптасқан жағдай елдің сыртқы өңдеу инфрақұрылымына тәуелділігіне қатысты пікірталасты қайта жандандырды. Сарапшылар осы оқиғалар аясында Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін көтерді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







